18.07.2017, 18:23
Оқылды: 16

Орал-Тасқала-РФ жолының 86 шақырымы жөнделмек

Облыс әкімі Алтай Көлгінов «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жаңғыртудан өтіп жатқан Орал-Тасқала-РФ тас жолының бойында атқарылып жұмыстармен танысты.

Жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқан «Юнисерв» ЖШС-ның бас инженері Николай Кондопулоның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын басталған жұмыстың нәтижесінде жаңғыртылуға жататын 104 шақырым жолдың 54 шақырымы жаңа кейіпке енді. Жыл соңына дейін 86 шақырымға дейінгі жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сонда келер жылға 18 шақырымы ғана қалады. Жол бойындағы 10 көпір де жаңғыртылды. Қазір 12 көпірді жөндеу жұмыстары жүруде. Мамыр-маусым айларындағы жауын-шашынға байланысты жұмыстардың кешеуілдегені болмаса, қалғаны қалыпты түрде іске асуда.

-Бұл жоба Елбасының тікелей бақылауында. Сондықтан жоспарланып отырған 86 шақырым жолды биыл қалай да бітіруіміз керек. Қажет қаржы толығымен бөлінді. Қыста вагонның жетіспеушілігіне байланысты мәселе болған еді. Қазір ол шешілді. Сондай-ақ көрші Ақтөбе облысының басшылығымен сөйлесіп, қиыршақ тастың толық көлемде жеткізілуін қамтамасыз еттік. Өздеріңіз айтқандай, қажет материалдың бәрі бар, техника мен адам күші жеткілікті. Сол себепті мындай ауа райын пайдаланып, барынша жедел де сапалы жұмыс істеу қажет,-деген Алтай Сейдірұлы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту жайына да жете назар аудару керектігін жеткізді.

Мердігер компания өкілдерінің сөзіне қарағанда, олар жергілікті жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде жол бойында түрлі жұмыс атқарып жүргендердің тоқсан пайызы, яғни 80 шақты адам Зеленов, Тасқала аудандарының жақын маңдағы ауылдарының тұрғыны.

Өңір басшысы сондай-ақ жол сапасына техникалық бақылау жүргізумен айналысатын ресейлік «Строй трест» компанияның атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, оларға да жол сапасына қатысты тиісті тапсырмалар берді.

Мәди ЫҚЫЛАС

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале