19.01.2018, 17:31
Оқылды: 95

«Орал трансформатор зауыты» биыл 6,5 млрд. теңгенің өнімін шығаруды жоспарлаған

 Бұл жайлы бүгін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру және іске асыру жөнінде облыс активі жиынында «Орал трансформатор зауыты» директоры Ақжол Сауранбаев айтты.

- Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді.

Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, бірінші кезекте, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде.

Елбасы айқындап берген 10 бағыт заманға сай бейімдей отырып, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа табыстарға жол ашатыны сөзсіз. Экспорттық өнімдер өндіруге бағытталған кәсіпорындарымызды жаңғыртып, цифрландыру тетіктерін ойлап тауып, жүзеге асыруымыз керек. Орал трансформатор зауыты ұжымы Президент Жолдауын ерекше ынтамен қабылдады. Бүгінде Зауыт басшылығы Жолдаудың мәні мен маңызын ұжымға түсіндіру жолында қарқынды жұмыс істеуде. Соның ішінде жастардың белсенділіктерін ерекше атап өткен жөн,-дейді «Орал трансформатор зауыты» ЖШС директоры Ақжол Сауранбаев.

Зауыттың өзі де жас әрі қызметкерлерінің де орташа жасы 28-де. Қазіргі уақытта өндіріс орнында 250 адам үш ауысымда еңбек етуде.

«Орал трансформатор зауыты» 2017 жылы құны 5 млрд. теңге болатын 6500 дана трансформатор шығарған. Өнім өндіру соңғы екі жылда 100 пайызға өскен.

-Зауытта кернеулілігі 6 және 10 кВ, қуаттылығы 25-2500 кВА болатын трансформаторлар шығарылады. Зауыт өнімінің 95%-ы Азербайжан, Армения және Ресейге экпортталады. 2018 жылы 9000 дана (6,5 млрд. теңге) трансформатор шығаруды жоспарлап отырмыз. 2019 жылы зауыт аумағында косымша өндіріс цехтары салынып, онда электр жабдықтарын, автоматты ток ажыратқышын, коммутациялық аппараттарды, өндірістік және көше жарықтандырғыш шамдарды, құрғақ трансформаторларды шығаруды көздеп отыр. Бұл жоба 2019-2020 жылдарға жоспарланған. Бастысы, халықты жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінде тұр. Сонда жаңа өндірісте 200 адамға жаңа жұмыс орны ашылады,-дейді зауыт директоры.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале