8-707-808-48-55
27.06.2018, 11:48
Оқылды: 81
Оралда 1 шілде күні «Aqjaiyq duathlon-2018» атты сайыс өтеді

 

Бірінші шілдеде Орал қаласында тұңғыш рет дуатлоннан жарыс өткізілмек. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылатын дуатлон жарысы Астананың жиырма жылдығына арналады. Сондықтан жарыс қашықтығы да жиырма шақырымды құрамақ.

– Жалпы дуатлон дегеніміз триатлон спортының тармағы болып табылады. Ол Алматы, Астана секілді ірі қалаларда бірнеше мәрте ұйымдастырылды. Жарыс үш қашықтық бойынша өткізіледі. Қатысушылар алдымен бес шақырымға жүгіріп, содан соң 12,5 шақырымды велосипедпен жүріп, соңғы кезеңде 2,5 шақырымға тағы жүгірулері керек. Жарысушылар Орал-Атырау және Орал-Саратов тас жолдарының қиылысындағы «№30 мектеп» аялдамасынан жолға шығып, Пушкин шағын бағына дейін жүгіреді. Ал веложарыс аталған шағын бақтан басталып, Достық даңғылы бойымен Сарайшық, С. Даумов, Алмазов, А. Тайманов, Х. Есенжанов, М. Шолохов және С. Датұлы көшелері арқылы өтіп, «Твой дом» сауда үйінің аутотұрағында аяқталады. Одан әрі спортшылар Әбілқайыр хан даңғылы арқылы В. Правдухин және Московская көшелерімен жүгіріп, Тұңғыш Президент атындағы алаңға келулері керек, – деді Әлия Рақымқызы.

Дуатлон жарысына 18 жастан жоғары барлық қала тұрғындары мен қонақтары кез келген велосипедпен қатыса алады. Ол үшін отызыншы маусымға дейін www.oblsport-bko.kz сайтына кіріп, тіркелу қажет. Ал 16 жастан асқан жасөспірімдердің жарыстың тек бір қашықтығына қатысуларына болады.

– Алғашқы күннен-ақ 60 адам тіркеліп үлгерді. Шамамен 100-200 адам қатысады деп күтілуде. Әр қатысушыға жеңімпаздарды анықтауға мүмкіндік беретін уақытты белгілеуге арналған чип беріледі. Спорттық жарысқа қатысуға ниет білдірген азаматтардың 50-07-01 телефонына хабарласып, толық ақпарат алуларына болады, – деді басқарма басшысы.

Мәреге жеткен қатысушылар жасына байланысты төрт топқа бөлінеді. Жарыс нәтижесі бойынша әр топтың жеңімпазына су жаңа велосипед сыйға тартылады.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

 

 

Пікір қалдыру