11.10.2019, 19:13
Оқылды: 69

Оралда 1800 студентке жатақхана қажет

Студенттік жатақхана тапшы

 

Орал қаласындағы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ аймақтық филиалында екінші деңгейлі банктер мен кәсіпкерлерге студенттік жатақханалар және жеке мектептер салу жөнінде ақпараттық-түсіндіру бағытында кездесуі өтті.

 

Шараны аймақтық филиал директорының орынбасары Әсел Тургаева жүргізді. Оның сөзінше, 90 мыңға жуық қазақстандық студент жатақханаға мұқтаж. Осы орын жетіспеушілікті шешу мақсатында шығынды келешекте мемлекет тарапынан ішінара төлеу арқылы жеке қаражатты тарту механизмі ойластырылған. Бұл бағыттың операторы ҚР ҒжБМ «Қаржы орталығы» АҚ.

Шара барысында «Қаржы орталығы» АҚ студенттік жатақханаларға операторлық ету жөніндегі департаментінің директоры Біржан Әлімжанов студенттерді жатақханамен қамту бойынша мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетіктерінің таныстырылымын көрсетті.

- Еліміз бойынша 90 мыңға жуық студентке жатақхана қажет болса, Орал қаласында 1 800-ге жуық студентке жатақхана салу жоспарда  бар. Бүгінде шаһарда үш жоба іске асып жатыр. Біреуі М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да 500 орындық жатақхана болса, екеуін жеке кәсіпкерлер жүзеге асыруда. Нәтижесінде 2 021 жылға дейін шамамен 700-дей орынға шақталған үш нысан іске қосылады. Бірақ бұл жатақханаға деген сұранысты толық өтемейді. Сондықтан да біз «Даму» қорымен бірге банктерге, кәсіпкерлерге осы презентацияны таныстырып жүрміз. Оның басты мақсаты жеке кәсіпкер немесе оқу орны толық өз қаражаты есебінен жатақхана құрылысын іске асырады. Кейіннен мемлекет тарапынан сегіз жыл бойы бір студентке 22 айлық есептік көрсеткішпен, яғни бір студентке шамамен 320 мың теңге төленіп отырады. Нәтижесінде кәсіпкер 8 жылдың ішінде өзі жұмсаған қаражаттың орнын толтыра алады. Бұл жоба басқа өңірлерде іске қосылды. Студенттерге қолданысқа берілген жатақханалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Қарағанды мен Маңғыстау облыстарында бар, - дейді Біржан Нұржанұлы.

Сонымен қатар «Қаржы орталығының» менеджері Әйгерім Асанова орта білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру шеңберінде жеке мектептер құрылысы жөнінде, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ аймақтық филиалының менеджері Минара Елдес кәсіпкерлердің жобаларын субсидиялау бойынша баяндады. Шара барысында бизнес және банк өкілдері  сауалдар қойып, тұшымды жауап алды.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале