17.05.2018, 18:00
Оқылды: 48

Оралда Махамбет Өтемісов атындағы университетте жаңа кітаптардың таныстырылымы өтті

Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-да «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген жаңа кітаптардың таныстырылымы өтті.

- Кеше университетіміздің кітапханасына «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген 17 оқулық, әрқайсысы бірнеше данадан жеткізілді. Барлығы 1504 дана кітап келді. Бұл жаңа оқулықтармен студенттерді 100 пайыз қамти аламыз деген сөз. Ғылыми кітапхананың қоры қазақ тіліндегі кітаптармен толығып отырғаны көңіл қуантады. Біздің кітапхананың оқу залы жазғы демалыста да жұмыс жасағандықтан, жаңа оқулықтармен танысқысы келген оқырманға қолайлы мүмкіндік – дейді Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі ғылыми кітапхана директоры Тоты-Кұс Әлімбекерова.

Жиынға қатысушы оқытушылар мен ғалымдар өз пікірлерінде жаңа оқулықтардың жоғарғы сапасы мен мазмұн байлығына айрықша тоқталды.

- Қазақ тіліне түпнұсқадан аударылған жаңа оқулықтардың таныстырылымы студенттер, профессор-оқытушылар қауымы арасында өткізіліп отыр. Таныстырылымға университетімізге жеткізілген жаңа кітаптардың мазмұнына сай әр саланың мамандары шақырылды. Олар өз салаларында көптен бері қызмет етіп келе жатырған мамандар. Және ол оқытушылар студенттерге дәріс беру үрдісінде бұл оқулықтарды осыған дейін де пайдаланып келген еді. Олар бұл оқулықтармен түпнұсқа арқылы немесе орыс тіліндегі аудармасы арқылы таныс болатын. Енді қазақ тіліне аударылған жаңа оқулықтардың осыған дейінгі дәстүрлі оқулықтардан қандай айырмашылықтары, артықшылықтары бар, студенттердің оқу сапасын көтеруге қалай әсер етеді, жас ұрпақ бойына қандай құндылықтарды қалыптастыра алады деген сұрақтар бағытында өз ойларымен бөлісуде, - деді аталмыш оқу орнындағы ҚХА кафедрасының меңгерушісі Тұрар Шайхиев.

Нұртас Сафуллин

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале