7.03.2018, 17:03
Оқылды: 63

БҚО-да баспана кезегінде тұрғандар саны 22 мыңнан асты

 Бұл деректі бүгін облыс активі жиынында өңір басшысы Алтай Көлгінов мәлім етті. Алтай Сейдірұлының айтуынша, биыл Орал қаласында 2 мыңға жуық пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы басталады. Сондай-ақ, аудандарда сондай-ақ бір және екі қабатты 140 үй салынбақшы.

Мемлекет басшысы өзінің «Әлеуметтік 5 бастамасы» арқылы тағы да тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Президенттің ұсынысына сәйкес жаңа «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы қабылданып, сол арқылы өңірде мыңдаған тұрғын баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік алады. Яғни, ипотека қазіргіден екі есе төмендетіліп, 7 проценттен аспайтын болады. Алғашқы жарна да бұрынғысынан екі есе азайтылып, 20 процент болмақ.  Ал ай сайынғы төлем азаматтардың қалтасына ауыртпалық түсірмес үшін 25 жылға дейін созып төлеуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, өңірде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары 56 мың, ал баспана кезегінде тұрғандар саны  22 мыңнан асты. Президент қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы облыстағы құрылыс саласының қарқын алуына оң септігін тигізуде. Соңғы екі жыл ішінде 3 мың адам өз үйінің кілттерін алды. Оның ішіндегі 700 отбасы - жетім-жесірлер, ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен басқа да әлеуметтік топтар өкілдері.

- 2017 жылы құрылыстағы өсім 42 процентті құрады. Осы межені түсірмес үшін Елбасының биылғы Үндеуі мен Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындайтын боламыз,-деді облыс әкімі.

Нұрлыбек Рахманов,

Суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале