22.02.2019, 21:20
Оқылды: 36

Оралда 64 отбасы қоныс тойын тойлады

Бүгін Орал қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген  тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

IMG-20190222-WA0062

Құрманғазы көшесі,198 мекенжайында орналасқан тұрғын үйден баспана алған жерлестеріміздің қуанышына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев ортақтасты. Осыдан бірер жыл бұрын дәл осы жерде тозығы жетіп, құлаудың аз-ақ алдында тұрған қос қабатты ескі үй тұрған болатын. Жеке құрылыс компаниясымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жайлы уағдаласқан облыс әкімдігі басты талаптың бірі ретінде апатты үйдің тұрғындарын тегін баспанамен қамту мәселесін қойған еді. Уәделі мерзімде құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, су жаңа тоғыз қабатты 64 пәтерлік тұрғын үйді пайдалануға берген мердігер «ҚАЗХОЛЛ» ЖШС сегіз пәтердің кілтін апатты үйдің бұрынғы тұрғындарына табыстады. Мердігер компанияның құрылысы толық аяқталғанша апатты үйдің тұрғындарын уақытша баспанамен қамту жауапкершілігін де абыроймен атқарғанын атап өткен жөн. Қалған пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары мен кезекте тұрған отбасыларға берілді. -Өткен жылы тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және апатты үйлерді жаңарту мақсатында Орал қаласында 11 ескірген үйді бұзып, орнына жеке компаниялардың инвестициясына жаңа үйлер салынды. Соның бірі бүгін пайдалануға берілді. Биыл апатты жағдайдағы тағы жеті үй сүріледі, жылдың соңына дейін олардың санын оннан асырғымыз келеді. Өйткені облыс орталығындағы ескі үйлердің саны екі жүзден асады, қырық екісі апатты деп танылған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасынан бөлек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрғын үйлерді жаңарту жұмыстары жалғасады. Әлеуметтік топтарды кезек бойынша қолжетімді баспанамен қамтамасыз етеміз,-дей келе облыс әкімі Алтай Көлгінов қоныстой иелеріне жаңа пәтердің кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті. Жаңа пәтерлерге ие болған барша тұрғындар атынан сөз алған Александр Кошт және Жанаргүл Бақтығұловалар «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын, «Елбасының бес әлеуметтік бастамасында» айқындалған «7-20-25» бағдарламасын өңірде жемісті жүзеге асыруға үлес қосып жүрген облыс және қала басшылығына, сондай-ақ «ҚАЗХОЛ» ЖШС-ға алғыстарын жаудырды.   «7-20-25» бағдарламасы аясында екі бөлмелі пәтерге қол жеткізген Жанаргүл Бақтығұлова - алты баланың анасы. 2006 жылы ауылдан қалаға көшіп келгелі пәтер жалдап келген отбасы үшін бұл - ең бақытты күн. Әсіресе, өздерінің арманындағы жаңа көп қабатты үйге көшіп келген кішкентай балдырғандардың қуанышында шек жоқ. Салтанатты ашылу рәсімінен соң облыс басшысы Алтай Сейдірұлы апатты үйдің тұрғыны Любовь Тимкова мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы Дамир Чигировтің шаңырақтарына бас сұғып, қоныстоймен құттықтады.

IMG-20190222-WA0063

IMG-20190222-WA0065

IMG-20190222-WA0068

Динара Жұмабекқызы,

Суретке түсірген Оксана Каткова,

Zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале