27.06.2019, 17:11
Оқылды: 138

Оралда «7-20-25» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеуге 266 өтініш мақұлданған

Елбасының Жолдауында айтылған «Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасын іске асыру мақсатында әзірленген «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы Ақ Жайық өңірінде жүзеге асырылуда. Бүгінде екінші деңгейдегі банктерге тұрғындардан 2,3 млрд. теңге шамасында несие сұраған 397 өтініш түсіп, соның 266-сы мақұлданған. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалында өткен бас қосуда айтылды.

банк-1

«Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-ның аймақтық директоры Гүлнәр Дабылованың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыруда жаңадан салынған үйлердің жоқтығы қолбайлау болуда. Өйткені «Нұрлы жер» бағдарламасының қолға алынуымен өңірде тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Сол үйлердің 50%-ы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша салымшыларға, қалған 50%-ы әкімдіктердің үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі.

 - «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілген өзгерістерден кейін салынған, бірақ әлі өтпеген үйлер 30 күннің ішінде екінші деңгейдегі банктерге берілуі керек. Қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болғысы келетіндердің қатары қалың. Алайда  құрылыс компаниялары салынып жатқан үйлердегі пәтерлерді құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезде сатып жібереді. Сондықтан жеке құрылыс компаниялары өздері салған үйлердегі пәтерлердің бір бөлігін «7-20-25» бағдарламасы бойынша өткізуге құлық танытып, ипотекалы ұйымға қолдау білдіреді деген ойдамыз, - деді Гүлнәр Дабылова.

Бас қосуда айтылғандай, бұл бағдарлама бойынша жұмыс істейтін, тұрақты табысы бар азаматтар несиеге үй ала алады. Сондықтан банктер соңғы алты айдағы зейнетақы қорына тұрақты жарна аударымдарын растайтын құжатты сұратады. Егер де табыс мөлшері жеткіліксіз болса, онда бағдарламаға қатысушы қасына екі адамды кепілдік беруші ретінде тартуға құқылы. Ең бастысы, осы бағдарлама арқылы баспаналы болғысы келетін адамның атында жеке үйі, ипотекалық несиесі болмауы керек. Бағдарламаның атауына сай ипотекалық несие 7%-бен беріледі. Бастапқы жарнасы - 20%. Ипотекалық несие 25 жыл мерзімге беріледі. Несие тек жаңадан салынған тұрғын үйлерге ғана беріледі.

-Өңірдегі екінші деңгейдегі банктер өзге облыстардағы жағдаймен салыстырғанда ипотекалық несие сұраушылардың өтініштерін көбірек мақұлдаған. Яғни кері қайтарылған өтініштер аз. Кейбір өтініштер неге кері қайтарған десек, көптеген тұрғын жеке компанияларда жұміс істейді, жалақы алады. Қолға айына 100 мың теңге жалақы алғандарымен, зейнетақы қорындағы аударымдары тұрақсыз. Одан басқа «несие тарихындағы» уақтылы төленбеген несие төлемі кедергі болады, - деді Гүлнәр Дабылова.

Биыл облыста 450 мың шаршы метр тұрғын үй салып, пайдалануға беру жоспарланған. Өткен бес айда 209,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Баспана Хит» - екінші нарықтан үй сатып алғысы келетіндерге қолайлы бағдарлама. Гүлнәр Дабылованың сөзіне сүйенсек, бұл бағдарлама бойынша  меншікті тұрғын үйі бар адамдар да басқа үй ала алады. Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі 10,75%, бастапқы жарна тұрғын үй құнынан 20%, несиені қайтару мерзімі - 15 жыл.

Сатып алынатын үйдің ең жоғары құны Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында – 25 млн. теңге, басқа өңірлерде, соның ішінде БҚО-да - 15 млн. теңге. Жұмыс істейтін және кәсіпкерлік қызметтен табысы бар, қолданыстағы басқа ипотекалық қарызы жоқ азаматтар бағдарламаға қатысу үшін әріптес банктерге өтінім береді. Ипотекалық несие алу үшін банкке тұрақы табысының барын растайтын құжаттарды, кредиттік бюроның ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің жоғы жөніндегі мәліметтерді қамтитын несиелік есебін, сатып алынатын жылжымайтын мүліктің құжаттарын, тәуелсіз бағалаушының сатып алынатын мүлікті бағалау бойынша есебін, әріптес банктің талабы бойынша басқа да құжаттарды ұсыну қажет, - деді Гүлнәр Дабылова.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале