27.04.2018, 16:44
Оқылды: 146

Оралда Әбубәкір Кердеріге арналған жыр кеші өтті

2Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде есімі күллі қазаққа мәлім ғұлама шайыр Әбубәкір Кердеріге арналған жыр кеші өтті. Кешті жуырда құрылған «Ақмешіттің 16 әулиесі» жеке қоры ұйымдастырды. Шараны «Телегей» қоғамдық қорының төрағасы Нұрлан Сәдір жүргізіп отырды.

Кейбір дереккөз бойынша биыл Әбубәкір Кердерінің туғанына 150  жыл толып отыр. Ол Орынбор, Троицкі жақтарында мектеп, медресе бітірген. Кейін Орал, Атырау, Ақтөбе, Орынбор, Орскі жағында әр жерде молда боп қызмет істеген, бала оқытқан. Әбубәкір өлеңдерінің негізгі тақырыптары: заман жайы, қазақ халқының бұрынғы, ақын тұсындағы хал-жайы, оқу, ғылым, өнер, дін, мінез-құлық турасында болып келеді.

Қор құрылтайшысы Жақсыбай Сейтқалиевтің айтуынша, «Ақмешіттің 16 әулиесі» қорының мақсаты – елімізде болып жатқан рухани шараларға үлес қосу, тарихты, бабалар жолын насихаттау.

4- Осыдан 15 жыл бұрын Бекет атаның басына барғанмын. Сол жердегі үлкен кісілер кердері руынан екенімді біліп «Айналайын, Әбубәкірдің ұрпағы болдың ғой!» деп ақ баталарын беріп жатты. Шыны керек, ол кезде Әбубәкір Кердері туралы жарымды ешнәрсе білмейді екенмін. Біздің заманда тіл мен дінге көзқарас оң болмады, оның үстіне қара бастың қамымен өзіміз де мән бермеппіз. Маңғыстау өлкесінде Әбубәкірді «Екінші Абай» дейді екен. Содан ғұлама бабамыздың бізге қалдырған дүниелерін оқыдым.Оның шығармаларында  өмірдің барлық қырлары, адамшылық, ізгілікке қарай жетелеу, жақсы мен жаман, обал мен сауаптың мәні жақсы ашылған. Әбубәкір бабамыздың мерейлі тойына шаралар арналады деген үміттемін. Бүгінгі шара – қордың алғашқы қадамы. Алда талай жобалар бар, - дейді қор құрылтайшысы.

Шара барысында Әбубәкір Боранқұлұлының өмір жолы, шығармашылығы туралы ой-толғамдар айтылды. Ал республикалық, халықаралық жыр-терме байқауларының жүлдегерлері, жыршы-термешілер  Фархат Оразов  пен Ақмарал Кемелханова «Насихат», «Қазағым», «Аз-мұз кеңес қылайын» термелері мен өзге де шығармаларын орындады.

Қордың ұйымдастыруымен 12 мамырда дүниеден өткен игі жақсылардың құрметіне ас беріледі. Тағылымды шара «Кердері руының 16 әулиесі жерленген» делінетін Ақмешіт көне қорымында өтеді.  Айта кету керек, бұл жерде Әбубәкір Боранқұлұлы сабақ берген. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында аса танымал әулие - Жұмағазы хазірет жұма намазын оқу үшін дәл осы Ақмешітке келіп тұрған делінеді.

Айдана Хамидуллина

zhaikpress.kz

3 30784957_10211543672159830_1179866626_n

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале