24.08.2018, 17:27
Оқылды: 88

Оралда Ақұштап ақынмен кездесу өтті

Akushtap«Нұр Отан» партиясының ғимаратында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу өтті.


Бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қатысқан жиында алдымен сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әлжанова  ақынға қош келдіңіз айтты. Ол өз сөзінде еліміздегі жетекші партияның «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды ақын өлеңдерімен сусындаудан бастағанын құптайтынын жеткізді. Сондай-ақ ақын өлеңдерінің елді, туған жерді сүюге үндейтінін ерекше атап өтіп, ақын өлеңінен үзінді   айтып берді.

Өз кезегінде ақын Ақұштап Бақтыгереева егеменді еліміздің саясатын жүргізіп отырған партияның жұмысының бір қанатында жүрген жастарға қаратып ұлағатты ойын ортаға салды. Рухани жаңғыру барысында бір кездері үзіліп қалған құндылықтарды  қайтадан жалғау бүгінгі ұрпақтың міндеті екендігін еске салды.

Akushtap (1)- Қазір сендер шетелге де барарсыңдар, тіпті Еуропада тұрғанды қалайтын шығарсыңдар. Бірақ жұтатын ауа да, кім-кімге де берілген өмір де біреу. Бізді шетелмен жақындататын білім мен мәдениет. Ал мәдениет атамыздың қанында, анамыздың сүтінде бар. Бүгінде үлкеннің алдынан кесіп өтпе, бір біріңмен сәлемдес, бауырмал бол деген ұлағатты сөздерді жоғалтып алдық. Міне, осыны сендер үйрету керексіңдер. Ең алдымен бауырмалдық  керек. Біздің қазақ ұлтына «біз бір қаннанбыз» деген нәрсе жетпей жатыр. Осылай айтылмай жатқандықтан, қазақ қазаққа қиянат жасайды, бір-бірінің үйін тонайды немесе малын ұрлайды. Осылармен күресу керек. Бізге ру үйленгенде, сыйласуға керек. Ал қазір бізге қазақ ұлты керек. Өзімізді  рухани жаңғырудан қайтадан тауып жатқан есімдердің жалғасымыз деуіміз керек, - деді ақын.

Кездесуге келгендердің сауалына ақын аналық әрі ақындық жүрегін жарып шыққан өлең шумақтарымен жауап қатты. Шараға қатысушылар да ақынға ақжарма тілектерін айтып, естелік сыйлықтарын табыс етті.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале