27.12.2017, 15:15
Оқылды: 172

Оралда ақын Қайрат Жұмағалиевке ескерткіш тақта ашылды

Биыл қазақ әдебиетінде өзіндік орыны бар ақын, аудармашы Қайрат Жұмағалиевтің туғанына 80 жыл, дүниеден озғанына төрт жыл толып отыр. Ақынның кіндік қаны тамған Бөкей ордасы ауданы Капустин Яр сынақ полигоны ашылғанда таратылып, халқы Оңтүстік Қазақстанға көшіріледі. Қайрат Жұмағалиев орта мектепті сол жаңа қоныстан аяқтап, Алматыға оқуға түсіп, азамат болып сол өңірде қалыптасады. Ақынның елге оралу жайлы арманы  тек 2009 жылы орындалған еді. 2013 жылы өмірден өткенге дейін Оралдағы «Жайық Пресс» медиахолдингінде директордың кеңесшісі ретінде қызмет етті. Ақын өмірден өткенге дейін қызмет еткен сол «Жайық Пресс» ғимаратында бүгін ескерткіш тақта ашылды.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева туған елге, туған жерге қызмет еткен ақынның есімі мәңгі өшпейтінін айтты. Бөкей ордасы ауданынан түлеп ұшқан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Сара Латиева Қайрат Жұмағалиевпен ағалы-қарындас ретінде сыйласып өткендігін айтып, ақын жырларының елімен бірге жасай беретіндігін жеткізді. Сондай-ақ аталмыш ескерткіш тақтаның ашылуына бастамашы болған ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов пен «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин Қайрат Жұмағалиевтің есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы шаралардың бұдан былай да жалғасатынын атап өтті.

- Қайрат ағамыздың 75 жылдығын ұжым болып атап өтіп едік. Міне, 80 жылдығы қарсаңында рухына арнап, осындай іс-шара ұйымдастырып отырмыз. Өзім қалаға студент болып келген кезімде, қазіргі Достық көшесінен өтіп бара жатып, «Мына жерге Пушкин келген, ана жерге Толстой келген. Сонда Оралға  қазақтың тұлғаларынан ешкім келмеген бе?» деп ойлайтынмын. Қазір бүкіл Алаш арыстарының осы жерге келіп, іс жасағанын, бас біріктіргенін біліп отырмыз. Қайрат аға «Жайық  Пресске» бақ әкелді. Аға 2009 жылы елге келгенде, осы ғимаратқа көшкен болатынбыз. Сол кездегі өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов Қайрат ағаны бізге кеңесші қылып қосты. Осы арқылы бізді болашаққа тәрбиеледі. Біз сол кезеңдегі аға буынның атқарған істеріне адал болуға тырысып келеміз. Бүгінгі құрмет - соның куәсі. Ғұмыр берсе ақынның атына көше атауын беру сияқты көптеген жоспар, арманымыз бар,-деді Жантас Набиоллаұлы.

Ақынның жары София Нығметоллақызы Қайрат Жұмағалиевке көрсетілген құрмет үшін ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді. Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің студенттері Зафура Мамут, Фероза Таупен, Елнұр Орынова ақын өлеңдерін оқыса, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі Мәди Сабыров Қ.Жұмағалиевтің сөзіне жазылған «Анашым» әнін орындады.

kairat zhariБұдан кейін «Жайық Пресстің» мәжіліс залында ақын рухына құран бағышталып, естеліктер айтылды. Ақынның замандастары ақын өлеңдері барша қазақ оқырмандарының жан азығына айналғанын, кейінгі ұрпақты адамгершілікке, ар-намысқа, ананы, туған жер мен адамзатты сүюге тәрбиелейтінін айтты. Ақынның «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген әр қазақ сөзін жатқа білетін «Анашым» өлеңі (әнін жазған Марат Омаров) барша аналарға жырмен тұрғызған ескерткіштей.

- Ананы сүю, ананы сыйлауды осы Қайрекеңнен, сосын Әбіш ағадан көрдім. Әрине, анасын кім жек көрсін?! Алайда оны жақсы көру бір, сыйлау бір бөлек. Ананың қас-қабағына қарау көбіміздің қолымыздан келмейді. Апамның аяғы сырқыраса, Қайрекең бар жұмысын тастап, үйіне басатын. Бұл - ана мен баланың арасындағы көзге көрінбейтін махаббаттың, үлкен төзімділіктің көрінісі. Апамыз келін мен ене арасындағы сыйластықтың үлгісіне айнала білді. Ондай ене болу кез келген әйелдің қолынан келмейді. Апамның Қайрекеңді жақсы көруі бір бөлек, сондай-ақ керемет сыйлайтын. Өзіңнен туған баланы жаттай сыйлау, жұрттың алдында көтеріп отыруға көп ананың парасаты жете бермейді. Қайрекең анасының өліміне сенбей жүрді. Шын мәнісінде, ақынның жетімдігі сол кезде басталды. Бұл ақынның нәзік жүрегі ме, адамның сезімталдығы ма, апамның ерекше махаббаты ма екен деп ойлаймын,-деп еске алды жазушы Сара Латиева.

Ақын Қайрат Жұмағалиевтің отызға тарта жыр жинағы жарық көрген. Сондай-ақ ол әлемнің әдеби жауһарларын қазақша сөйлетті. Ол Гомердің «Илиада» поэмасын, Еврипидтің «Медея», «Троя арулары», «Елена» трагедияларын, әл-Мааридің, Ш.Руставелидің, Физулидің, Низамидің, Пушкиннің, Лермонтовтың, Маяковскийдің, Есениннің, Хикметтің, Блоктың, Тувимнің, Мұса Жәлелдің, Светловтың, Лукониннің, Ғафур Ғұламның, С.Наровчатовтың, Р.Рождественскийдің, Р.Казакованың шығармаларын ана тілімізге аударған. А.Дюманың «Граф Монте Кристо» романын (Ә.Жұмабаевпен бірге), монғол жазушысы Л.Тудэвтің «Тау тасқыны» романын, француз ақыны Беранженің шығармаларын, қырғыз эпосы «Манасты» қазақ тілінде сөйлетті. Ақын өлеңдеріне жазылған әндер бар. Бірнеше кітабы орыс тілінде жарық көрсе, шығармалары ТМД елдерінің тілдерінде, сондай-ақ ағылшын, француз, араб, неміс, қытай, хинди, испан, поляк, болгар тілдеріне аударылған.

zhaikpress.kz

суреттерді түсірген Темірболат Тоқмамбетов

kairat keshh kairat kesh akushtap kairat keshhhh 3 lavr

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале