17.08.2018, 14:39
Оқылды: 70

Оралда Асқар Шайхиевті еске алуға арналған халықаралық турнир өтті

            15-16 тамыз күндері Орал қаласындағы Теннис орталығында есімі күллі әлемге танылған Асқар Шайхиевті еске алуға арналған самбо күресінен және әскери самбодан халықаралық турнир өтті. Дүбірлі додаға Ресей, Армения, Грузия және еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Түркістан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, облыстарынан, сондай-ақ біздің өңірден, Астана, Шымкент қалаларынан 200-ге жуық палуан қатысты. Олар 52, 57,62, 68, 74, 82,90, 100, +100 келі салмақ бойынша бақ сынады.

Жарыстың ашылу рәсіміне БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР самбо федерациясының жауапты хатшысы Қаймен Есендияров, Сиднейде өткен Жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, ҚР-на еңбегі сіңген спорт шебері Ермахан Ибраимов, Самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы Алмаз Сүлейменов, БҚО самбо және әскери самбо федерациясының Призеденті Талғат Шайхиев, Самбо күресінен ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы Михаил Шепетюк, БҚО дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әсия Аманбаева, Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов және марқұмның жұбайы Аягөз Мәжикенқызы арнайы келді.

-Асқар Тастайұлын еске алуға арналған жарыстар өңірімізде жыл сайын өткізіліп тұрады. Самбо күресінен әлемге әйгілі болған, жерлесімізді ешқашан ұмытпай, есімін бүгінгі жас ұрпақтың есіне жиі салып тұруымыз қажет. Осы спорт түрімен жастар көптеп айналысып, Асқар Шайхиев сияқты облысымыздың жалпы еліміздің намысын қорғап, үлкен жетістіктерге жетеді деп сенемін. Бүгінгі жарысқа баршаңыз қош келдіңіздер! Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін, - деді шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Сайысқа келген палуандардың бірқатары түрлі жарыстарда жүлде алып, алдыңғы қатардан көрінгендер. Ешқайсысын осал деуге келмейді. Алып денелі армениялық Едик Петросиян, европа чемпионы, бір өзі бір көлікті сүйреп кетердей қауқары бар ресейлік Рустем Арсланов европа чемионы, шауып бара жатқан жылқыны құйрығынан тартып, құлатардай, қара өгізді мүйізінен бұрап сұлатардай көрінген қос грузиялық Бека Бердзенишвали европа және әлем чемпионы болса, Киорги Кобойдзе әлем чемпионы атағын иеленген. Жарысты тамашалауға келген көрермендер жүлделі орындар «осылардан ауыспайды-ау» - деп, топшалаған-ды. Бірақ, таланты мен тау қопарып, тас жарардай біздің спортшыларымыз ешқайсысынан қаймыққан жоқ.

Жарыстың алғашқы күні   74 пен 82 келі салмақ аралығындағы спортшылар белдесті. Боз кілемде бір-бірін алып та, шалыпта жыққан палуандар жүлделі орыннан көрінуге тырысып бақты. Екінші күні көрерменнің асыға күткен финал жолдамасы сарапқа салынды. 57 келі салмақта  Орал қаласының палуаны Болатбек Райымқұлов армениялық Григорь Мктрян мен  күресті. Басында жеңіліп жатқан жерлесіміз жанкүйерлердің қолдауымен ауырту әдісі арқылы жеңісті қолдан жұлып алды.

-Армениялық қарсыласымнан осыған дейін әлем чемпионатында үш рет ұтылған болатынмын. Бүгін міне, өз жерімізде өтіп жатқан жарыста намысты қолдан бермеуге тырыстым, - дейді Болатбек Райымқұлов.

Қалған салмақ дәрежесіндегі палуандардың «айқасы» өте тартысты өрбіді. Әсіресе, бас жүлдеге автокөлік тігілген түйе палуандар «шайқасын» жұр тағатсыздана күтті. Соңғы белдесуде 110 келілік облысымыздың палуаны  Олжас Сүлейменов өзіне қарсылас шақ келтірмеген 165 келілік  ресейлік спортшы Рустем Арсылановпен белдесіп, бас жүлдені бермеуге барынша тырысып бақты. Салмақ дәрежесінде айтарлықтай басымдық болғанымен Олжас «олжалы» болады деген болжамдар айтылған-тұғын. Алғашында рейсейлік түйе палуанға кәдімгідей қарсылық танытып, екі аяғын «аспаннан келтіруге» шақ қалғанда Олжастың жеңетініне сенді жұрт. Алайда дереу «есін» жинап алған Рустем Арсыланов айқын басымдықпен жеңіске жетті.

-Белдесу өте тартысты өтті. Қарсыласым әлі жас, болашағы алда. Мұндай белдесуде салмақ пен бой сөзсіз әсер етеді, - дейді  бас жүлде иегері Рустем Арсыланов.

Екі күнге созылған жарыс нәтижесінде 52 салмақта  Ерасыл Бақыт, 57 келі салмақта Болатбек Райымқұлов, 62 келіде Тоқтар Умуталиев, 68 келіде  Серікбай Нығмет,  (барлығы Оралдан) 74 келіде  атыраулық Қуаныш Қарабасов, 82 келіде  Еркебұлан Қалеш (Орал), 90 келі салмақта армениялық Едик Петросян, 100 келіде түркістандық Нишанбай Құдайбергенов І орын алды. Жеңімпаздарға 50 мың теңгелік сертификат пен диплом және медаль берілді. Ал бас жүлде алған ресейлік Рустем Арсылановқа «Лада гранта» автокөлігінің кілті табысталды.

Айта кетейік, Асқар Тастайұлы 1963 жылы Сырым ауданы, Қызыл таң ауылында дүниеге келген. Самбо күресімен 1976 жылдан бастап айналысқан. 1981 жылы КСРО спорт шебері атанды. 1988 жылы Жапонияда әлем кубогының иегері, 1989 жылы  АҚШ-та әлем чемионы атағын жеңіп алды.

Есенжол САНСЫЗБАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале