8-707-808-48-55
6.07.2018, 10:49
Оқылды: 211
Оралда Астананың 20 жылдығына арналған «DUATHLON» жарысы өтті

Бүгін Оралда Астана қаласының 20 жылдығына арналған «DUATHLON» жарысы өтті. Спорттық мерекеге белсенді өмірлік ұстанымы бар 150-ге тарта қала тұрғындары қатысты. Жарыс жеңімпаздарын БҚО әкімі Алтай Көлгінов пен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев марапаттады.


Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында өткен дуатлон жарысы 10 шақырымды құрады. Қатысушылар оның 5 шақырымын велосипедпен жүріп, 5 шақырымын жүгіріп өтті. Дуатлоншылармен бірге 10 шақырымды облыс әкімі Алтай Көлгінов пен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев та жүгіріп өтті.

-Баршаңызды сүйікті қаламыз, еліміздің жүрегі, Елордамыз Астананың 20 жылдығымен құттықтаймын. Сіздерге өзімнің, әріптестерімнің атынан шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Мерекелік демалыс екеніне қарамай, таңғы жетіде спортты қолдап келіп, 10 шақырым жүгіріп, велосипедпен жүру – үлкен күшті талап етеді.  Елбасы бізге спортты дамытуға барша жағдайды жақсартуды міндеттеді. Соны атқарып келеміз. Жыл сайын жаңа спорт алаңдары, спорт кешендері, стадиондар бой көтеруде. Шалғай ауылдарда мектеп, балабақшалар, соның ішінде спорт алаңдары салынуда. Өткен жылдан бері 50 аула абаттандырылды, оның жиырмасында спорт алаңқайлары салынды. Мұнымен тоқтамаймыз. Жастар стадионын қайта жаңғыртып тапсырдық. Ол жерде жазда футболмен, қыста допты хоккеймен айналысуға болады. Оралдың табиғаты спортпен айналысуға, денсаулықты күтуге керемет. Оралдың өзі саябақ. Елбасымыз келгенде «Ең таза қалада тұрасыңдар» деп айтты. Табиғатымызды сақтау үшін еңбек етуіміз керек. Ол үшін денсаулық, ал денсаулықты түзеу үшін спортпен айналысу қажет. Спортық шараны қолдағандарыңызға рахмет. Өңірлердің дамуы – елдің дамуы. Біз Астанаға қарап бой түзейміз. Мейрам құтты болсын! – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Дуатлон жарысында ерлер арасында 1-орынды Станислав Грицкевич, 2-орынды Артур Жугунусов, 3-орынды Әбілшайық Ерғалиев, әйелдер арасында 1-орынды Анастасия Вавилина, 2-орынды Дария Черноярова, 3-орынды Гүлзада Хабиева иеленді.

Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

Ұқсас жаңалықтар Басқа да жаңалықтар
Пікір қалдыру