23.10.2017, 19:01
Оқылды: 36

Оралда атты патруль жұмысын бастады

Темір тұлпарларын тізгіндеген тәртіп сақшылары бүгінгі күні «тұлпарларын»  жылқы жануарына айырбастады. 2015 жылдың желтоқсан айында облыстық мәслихат сессиясында кавалериялық взвод құру туралы шешім қабылданған болатын. Биыл 2017 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, БҚО Ішкі істер департаментінің жанынан кавалериялық взвод ашылып, іске кірісті.

Қала айналасында 16 мыңға жуық саяжай учаскесі және 150 бағбаншылық қоғамы бар екен. Сонымен қатар, қала аумағы орман алқаптары мен Орал, Шаған, Деркөл өзендерінің жанындағы ормандардармен қоршалған. Осыған байланысты аталған мекенжайларда орын алған қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кавалериялық взвод құру мәселесі қолға алынған болатын.

«Кавалерия взводы жазғы уақытта қала сыртындағы Желаев ауданындағы «Карьер», «Сая»  жағажайларында, қала орталығындағы Киров атындағы саябағының жанындағы жаңадан құрылған веложолақ бөлігінде жұмыс атқаратын болады. Аттардың пайдасы – олар көлік жүріп өте алмайтын, адам жаяу көп жүріп жете алмайтын жерлерде қызмет етеді», - деп түсіндірді БҚО ІІД Орал қ.ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Мүслим Жәрдемов журналистерге берген сұхбатында.

Бұл қызметте атқа икемі бар, жылқы малын жанындай жақсы көретін, оның құлағында ойнайтын  25-ке жуық жігіт жұмыс істейді. Қазіргі уақытта іріктелген жігіттердің барлығы да ІІД жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қатарынан алынған.

«Кавалеристің қызмет атқару мерзімі сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін және сағат 15:00-ден 19:00-ге дейін жалпы 6 сағат, сондай-ақ, жұмыс кестесіне сәйкес минус 15-20 және плюс 30-35 градус температура кезінде жұмыс күні 4 сағатқа дейін қысқарады. Температура минус 20-дан төмендеген немесе плюс 36 және одан да көп көтерілген кезде аттарда қызмет атқару тоқтатылады. Жол жүру бағытында және көрсетілген бағытқа келгеннен кейін атты патруль бақылауды жүзеге асырады және қажет болған жағдайда қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу және қоғамдық тәртіпті бұзушылықтарды тоқтату бойынша шаралар қабылдау үшін олардың жасалуы ықтимал жерлерде аялдама жасайды. Бағытта патрульдеу кемінде екі атты адамның күшімен жүзеге асырылады»,-деп жауап берді Орал қ.ІІБ жол-патрульдік полиция батальонының кавалерия взводының командирі полиция аға лейтенанты Мұхит Абулхаиров.

БҚО ІІД Орал қ.ІІБ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы дайындық базасының жанынан атты взвод базасы ашылып, арнайы техникаларымен қамтамасыз етілген. Ат ұстайтын орны, яғни, олардың жем-шөп, суы үшін және олардың үйрету орны, сондай-ақ, салт атты сақшылардың жуынып, тамақтанатын орындары, дәріс оқу сыныптары барлығы дерлік қарастырылып, бейнекамералармен  жабдықталған.

Қазіргі таңда 25 көшім тұқымдас аттар алынған, әрбір қызметтік аттар полицейлерге бекітіледі, әрбір ат қорада ұсталады, өздерінің орындары бар. Полиция қызметкерлері астындағы сәйгүліктерін қызметке шығар алдында жуындырып, тазалап, баптап барып шығады. Керек десеңіз, әр инспектор өзіне бекітілген тұлпарларына ат қойып та үлгерген. Аттарды әкелгеннен бастап, үйретіліп, қызметке дайындайды, яғни, оларды жарық, дыбыстарға бейімдеу мақсатында түрлі оқу-жаттығу жұмыстарына қатыстыруда. Жылқылар 3-4 жасар, яғни құнан, дөнен кезінен әкелінеді. Атты патрульдерді қызмет атқару орнына жедел жеткізу мақсатында бір мезгілде 6 ат сыятын аттарды тасымалдауға арналған автомобильдер (аттасымалдағыштар) пайдаланылады. Жылқының денсаулығын бақылайтын мал дәрігері де жұмыс істейді.

 Асылай Губашева

БҚО ІІД баспасөз қызметкері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале