11.08.2018, 15:26
Оқылды: 49

Оралда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

IMG-20180811-WA0035Бүгін Ықсанов көшесінде ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жаз мезгілінің демалыс күндеріне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде сүт, нан өнімдері, көкөніс, бал түрлері тұтынушылар назарына ұсынылды. Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов те аралады.


Күн көтерілісімен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің саудасын қыздырған қала тұрғындары әсіресе, картоп, пияз бағасының әлдеқайда арзан екендігін айтып жатты. Біз көкөніс өнімдерін сатып тұрған жас жігіттен "Жәрмеңке қалай өтіп жатыр?" - деп сұрадық.
-Жыл сайын тамыз айында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Демалыс күндері халық көп болады. Бұл жерде сауда жақсы өтеді, әрі баға да тұрғындар үшін тиімді. Біз бүгін қызанақ, болгар бұрышы, жуа, аскөк алып келдік. Қызанақ биыл сәл кешігіп пісіп жатыр. Соның алғашқы жиналғанын тұтынушыларға ұсынудамыз. Ата-анам 20 жылдан бері бақша салумен айналысады. Қазір олардың жолын мен жалғастырып жүрмін. Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Ең бастысы - адал еңбек етсең, ісің берекелі болады екен, -дейді 19 жасар Ибрагим Хих.

Жәрмеңкеде картоп-65-70, пияз - 70-80, қарбыз-80, қауын-100, оралдық құс фабрикасы жұмыртқасының 10 данасы -140 теңгеден сатылуда.

Айта кетейік, қала тұрғындарын қалтаға қонымды бағасымен қуантқан жәрмеңке Ықсанов көшесінде әр сенбі сайын өтетін болады.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале