16.03.2018, 19:24
Оқылды: 96

Оралда Биғалиевтер отбасылық ансамблінің кеші өтті

IMG_1818Биыл Орал қалалық әкімдігі Көрісу күнінен бастап Наурыз мерекесіне дейінгі аралықта ұлттық өнерді насихаттау бағытында кең көлемді шараларды қолға алды. Соған орай бүгін Орал қаласындағы жастар Мәдениет үйінде халықтық Биғалиевтер отбасылық ансамблінің 40 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті.


«Отбасым – алтын бесігім» деп аталатын бұл кеште сөз алған Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев аталмыш отбасы өңірімізге ғана емес, республикаға танымал әрі көпшілік үлгі тұтатын шаңырақ екенін атап өтті. Ақ Жайық өңірі Биғалиевтер отбасымен мақтанатынын жеткізген ол Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Қадырболат Мусағалиевтің, бірқатар оқу орындары мен саз мектептері жетекшілерінің де алғыс хатты берілді.

IMG_1765Концертте Қазталов ауданының құрметті азаматы, отбасылық ансамбльдің жетекшісі Марат Биғалиев «Ауылдың адамдары-ай», «Вальс» сынды әндерді орындаса, бұл шаңырақтың отанасы, «Күміс алқа» иегері Нұржамал Сұраншиева қыздарымен бірігіп халық әні «Әгугәй домбыраны» шырқады.

Ансамбльдің белді мүшелері, өнерімен батысқазақстандықтарға кеңінен танымал азаматтар Арман мен Руслан Биғалиевтардың жекелей және балаларымен әуелеткен әндері де көпшіліктің көңілінен шықты.

«Әриайдай», «Қаздар қайтып барады», «Көктем вальсі» сынды әндер мен үнді әндерінен попуриді апалы-сіңілі Биғалиевалардың триосы жоғары деңгейде орындағанын кеш соңында өңіріміздің белгілі өнерпаздары айтып өтті.

IMG_1767Бұл отбасының сүт кенжесі Марина Биғалиева сөзі мен әнін өзі жазған «Әке» әнін де жиналғандар ерекше ықыласпен қабылдады. Кеш барысында сондай-ақ, аталмыш ансамбльдің балғын өнерпаздары да сахна төріне шықты.

Айта кетейік, алты жасар Румия мен Гүлфайруз Маратовалар биыл өткен «Өнерлі балақайлар» атты республикалық ән байқауының лауреаттары атанып үлгерді.

Кеш барысында Биғалиевтар отбасының «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз, республикалық кезеңінде дипломант атану және «Хабар» арнасында өткен арнайы бағдарламаға қатысу сәттерінен бейнефильм де көрсетілді.

-Жұбайым Нұржамалмен отасқаннан кейін бір жылдан соң отбасылық ансамбль құрдық. Біздің бастамамызды балаларымыз жалғаса, енді немере-жиендеріміз одан әрі дамытуда. Шынымды айтсам, саханада жүргенімізге қырық жыл толғанын да білмей қалдық. Осынау мерейлі датаға байланысты ауылымыз Қошанкөлде, Қазталов ауданының орталығында концерт берерміз деп ойлап жүргенімде облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасынан, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен хабарласып, облыс орталығында кеш өткізу жөнінде ұсыныс айтқанда қуанышымызда шек болған жоқ. Бізді қолдап-қолпаштап келген ел-жұртқа ризашылығымыз шексіз. Осы сәтті пайдаланып, біраз жылдан бері ансамбліміз, отбасымыз туралы жазып келе жатқан «Орал өңірі» газетіне де алғысымызды арнаймыз. Халықтық атақ алғанда бірінші болып батысқазақстандықтардан сүйінші сұраған басылымның біз үшін орны ерекше. Қашанда бірілігіміз жарасып, ынтымақтастығымыз арта берсін,-деді шара соңында бізге сұхбат берген Марат Биғалиев.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале