19.10.2018, 13:00
Оқылды: 61

Оралда cтуденттерге қызмет көрсету орталығы ашылды

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Еліміздің батыс аймағында аналогы жоқ заманауи орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.

6cb61fb8-14e4-4ade-8d57-f089079f09d6

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен іске қосылған студенттерге қызмет көрсету орталығы университеттегі бес мыңнан астам білім алушыға «бір терезе» қағидаты бойынша уақтылы және сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында құрылған.

Студенттерге қызмет көрсету орталығы білім алушылардың  өтініштерін, түрлі анықтамаларды қарастыру, беру, алу кезінде жылдам және сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша қызметтерді алуға кететін уақыт шығынын қысқартады. Оған қоса СҚКО қағаз жүзіндегі құжат айналымын едәуір қысқартып, «адам факторы» мен құжаттардың жоғалып кетуі, мәліметтердің қате толтырылуы сияқты көптеген олқылықтардың алдын алады. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын түрлі келеңсіздіктердің туындауына жол бермейді және оқу үрдісінің ақпараттық ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етеді.

Академиялық мәселелер жөніндегі басқарма басшысы Жанна Құбашеваның айтуынша, СҚКО-да қызмет көрсету үрдісі мейлінше оңтайландырылған. Бес факультеттің әрқайсысына арнайы терезе жасақталған, тағы бір терезеде құрылым басшысы мен есепші қызмет көрсетеді. Анықтамалар мен транскрипттер, диплом түпнұсқаларын беру бойынша 11 қызмет, білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеу бойынша 4 қызмет, гранттар мен шәкіртақыларға өтініштерді қабылдау мен оқу ақысын нақтылауға қатысты 4 қызмет, ауысулар, қайта қабылдау, академиялық демалыс пен оқудан шығу мәселелеріне байланысты 7 қызмет, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға орай 4 қызмет және өзге де қосымша қызметтерді қосқанда барлығы 35 қызмет түрі көрсетіледі.

1 қаңтардан бастап студенттер бұл қызметтерді онлайн режимде де ала алады. Әр студенттің тек өзі ғана білетін құпиясөзбен құлыпталған жеке кеңсесі болады. Оның ішінде білім алушының жеке мәліметтерімен қатар оқу үрдісіне қатысты барлық мағлұматтар жинақталады. Айтпақшы, студенттерге қызмет көрсету орталығының көмегіне университеттің бұрынғы түлектері де жүгіне алады.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

zhaikpress.kz

2a22f571-7ffa-497b-848e-af57395f504b

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале