7.09.2018, 11:29
Оқылды: 80

Оралда Депо ауданындағы көпір ашылды

Бүгін қала күні мерекесі қарсаңында тұрғындар арасында Депо көпірі деп аталып кеткен көлік өткелінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оралдықтардың қуанышын бөлісуге арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов көпшілікпен бірге алғашқы легтегі қоғамдық көлікке мініп, су жаңа көпірден өтті. Кейін облыс басшысы көпір қапталындағы жаяу жүргіншілер жолағымен жүріп өтіп, өткелдің салыну сапасын қадағалады.

most1

Айта кетейік, 1965 жыл салынған бұрынғы көпір осы кезге дейін жөндеу көрмеген болатын. Пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асып, тозығы жеткен өткел 2016 жылы толықтай бұзылып, орнына жаңа көпірдің құрылысы басталған еді. Көпір өткелін қайта құру жұмыстарына қажетті 2,3 миллиард теңге қаражат «ҚПО б. в.» компаниясы есебінен бөлінген болатын. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша күрделі жөндеу 24 айға жоспарланғанымен, бас мердігер «КА-Строй LTD» ЖШС нысанды мерзімінен жеті ай бұрын аяқтады. Бұл нысанды салу үшін 80-нен астам жұмысшы және 30 техника бірлігі тартылды. Құрылысқа пайдаланылған материалдар отандық өндірушілердің өнімдері болып табылады.

Орал шаһарындағы маңызды инфрақұрылымдық нысан болып табылатын Депо ауданындағы көпірдің жалпы ұзындығы 536 метрді, кіре беріс жолдарымен қоса есептегенде 628 метрді құрайды. Көпірдің жалпы жалпақтығы 12 метрден 20 метрге дейін, көлікке арналған жол 7,5 метрден 14 метрге, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың ені 1 метрден 1,5 метрге ұлғайтылды. Сондай-ақ, бұрын екі көлікке арналған жолақтар болса, жаңа көпірдегі 4 жолақтан көліктер емін еркін өте алады. Өткел бойына 18 жарық бағандары орнатылған. Көпір тәулігіне 46 мың автокөлік өткізуге қауқарлы.

-Елбасымыз жүктеген тапсырмаларды орындау бағытында өңір тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында бір қатар игі істер қолға алынуда. Соның бірі қала күні мерекесіне орай бүгінгі Депо көпірінің ашылуы болып саналады. Облыс орталығындағы халық саны жыл санап өсіп келеді. Егер 2000 жылы қалада 210 мың тұрғын болған болса, бүгінде олардың саны 330 мыңды құрап отыр. Сәйкесінше шаһардағы көлік ағымы да бірнеше есе өсті. Әбден тозығы жеткен көпір жыл жарым уақыттың ішінде жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Енді Омега зауыты маңындағы көпір толықтай жабылып, биылғы жылдың соңына дейін бұзу жұмыстары жүргізіледі. Келер жылдың ерте көктемінен бастап ол жерден де су жаңа көлік өткелі санынатын болады,-деді қала әкімі Мұрат Мұқаев.

Жаңа көпірдің ашылу салтанатына келген шаһар тұрғындары осындай жайлы жағдай туғызғандары үшін облыс және қала басшылығына ризашылықтарын білдіріп, құрылысшыларға алғыстарын айтты.

-Тәуелсіз еліміздің, туған өңіріміздің, қаламыздың күн санап көркейюіне куә болудамыз. Бұлардың барлығы жергілікті халықтың жақсы тұрмыс кешуі үшін жасалып жатқан игі істер деп білемін. Барша оралдықтарды қала күні мерекесімен құттықтаймын. Туған өлкеміз жасарып, жаңара берсін,-дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, шаһардың құрметті азаматы Хамза Сафин.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Zhaikpress.kz

most DSC_0725

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале