23.11.2018, 16:52
Оқылды: 83

Оралда «Диана» бренді жаңғыртылуда

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілген кәсіпкерлік нысандарына пресс-тур ұйымдастырды.

FB_IMG_1542903239516

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, көңіл бөлінуде. Осы орайда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы бірқатар кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары мен мемлекеттік қолдау-көмектің тетіктері жүзеге асырылуда. Осындай қолдау-көмектің арқасында кәсіпкерлігін кеңейткен кәсіпкерлер мен компаниялар Ақ Жайық өңірінде аз емес. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның облыс бойынша филиалы директоры Нұржан Қалишановтың айтуынша, пресс-турдың мақсаты - халықты ақпараттандыра отырып, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен жеке кәсібіңді бастауға, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге болатынын нақты мысалдар негізінде көрсету.

 

«Диана» Орал тігін фабрикасы» ЖШС күні кеше жұмысы жүрмей, құрдымға кеткен ірі кәсіпорынның атауын бренд ретінде жаңғыртқан жаңа өндіріс орны екенін бағамдадық. Компания жұмыс киімін тігеді. «Альфабанк» АҚ-дан «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша (10 млн. теңге несие, 5 млн. теңгеге кепілдік алған. Алынған несиелік қаржыға тігін өндірісіне қажетті құрал-жабдық, соның ішінде тігін машинасының түрлерін, кез келген материалдан киім пішетін стационарлық машина сатып алған. Бұл жабдықтардың барлығы өндіріс барысындағы жұмысты жеңілдетіп, шығарылатын өнім түрлерінің сапасын бақылауды қамтамасыз етеді.

Аталмыш серіктестік директорының маркетинг және сатулар бойынша орынбасары Нұргүл Кенжеғалиеваның айтуынша, компания 2016 жылдан бері мұнайгаз саласына жұмыс киімін тігіп, жылжыған жылдармен бірге дамып, өркендеп келеді. Биылғы жылдың басында «Даму» қоры арқылы несие алып, сол қаржыға автоматтандырылған компьютерлендірілген жабдық сатып алып, орнатты. Фабрикадағылар негізінен жұмыс киімін мемлекеттік тапсырыс бойынша тігеді. Сонымен қатар өңірдегі кейбір жеке компаниялардың тапсырыстарын да орындайды. Ұжымда 30 адам еңбек етеді, оның 60 пайызы - мүмкіндігі шектеулі жандар. «Диананың» өзінің оқу орталығы жұмыс істейді. Тігінші болғым келеді деген жұмыссыз адамды оқу орталығында оқытуға бейіл. Алдағы уақытта облыс аудандарындағы ірі ауылдық округтерден шағын тігін цехтарын ашу жоспарланған. Компания тігін материалдарын Ресейден, Белоруссиядан, Қытайдан алады.

-«Диана» фабрикасына тігінші болып жұмысқа кіргеніме екі жыл болды. Жұмыс киімінің түрлі бөліктерін тігеміз. Жұмысым өзіме ұнайды. Зейнетақы қорына жарна уақтылы аударылады. Жалақымыз жасалған жұмыс ауқымына қарай төленеді, бізде бәрі жақсы, - деді тігінші Қазима Бақытова.

 

Зауыттағы Қазақстандағы №1 өндіріс

 

Орал қаласына жалғасып жатқан Желаев өндірістік аумағындағы «Орал полиэтилен тұрбалар зауыты» ЖШС су, газ және кәріз жүйелеріне арналған полиэтилен тұрбаларын шығарады. Сонымен бірге кез келген күрделі тұрба құбырларын монтаждау қызметін көрсетеді. Зауыт 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Компания тұтынушыларға полиэтилен тұрбалардың стандарттарға сай түрлерін ұсынады. Су тасымалдауға қажетті диаметрі 32 - 630 мм.-ге, газ тасымалына 32-630 мм.-ге дейінгі тұрбалар өндіріледі. Компанияда  полиэтилен өндірісі саласында тәжірибесі мол білікті мамандар еңбек етеді. Өндірісте полиэтилен тұрбаларын дайынду барысында РЕ100 маркалы төмен қысымды жоғары тығыздықтағы полиэтилен шикізаты пайдаланылады.

Компания өнім өндірісінде инновациялық технологияларды пайдалануға иек артады. Сол технологиялардың көмегімен өндіріс көлемін өсіреді, өнімдерінің жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Кәсіпорын «KrausMaffaiTechnologiesGmbH» атты неміс фирмасының құрал-жабдығымен жабдықталған. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде компания «Қазақстанның халық банкі» АҚ арқылы 200 млн. теңге көлемінде несие алды және несиенің пайызын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Несиелік қаржыға өнеркәсіптік құрал-жабдық сатып алып, орнатылды.

-Биыл тамшылата суару лентасы өндірісі кешені жобасын іске қостық. Бұл - Қазақстандағы №1 өндіріс. Тамшылата суару лентасы ауыл шаруашылығы саласына, өсімдік шаруашылығына арналған. Соңғы жылдары облыстың оңтүстік аудандарында су тапшылығы байқалуда. Сондықтан жаңа қытайлық жабдық сатып алып, өнім өндірудеміз. Қытайлық жабдық болғанымен еуропалық осындай жабдықтардан еш айырмасы жоқ, тек баға жағынан болмаса. Еліміздің өзге өңірлеріндегі бау-бақша, өсімдік шаруашылығы саласындағы шаруашылықтарға өнім өткізу жөнінде келісімдеріміз бар, - деді «Орал полиэтилен зауыты» ЖШС-ның директоры Александр Кулич. Оның айтуынша алдағы уақытта жұмысшылар санын 20-дан 30-ға жеткізу жоспарланған. Бүгінде жұмысшылардың орташа жалақысы 50 мың теңге шамасында.

-Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеттің политехникалық факультетінде инженерлікке 3-курста оқимын. Тамшылата сауару лентасын орап, жинайтын жабдықтың жұмысын қадағалаймын. Екі шақырым сайын жабдық лентаны кесіп, өзі орайды. Өндірістік тәжірибеден өтуге келіп, компания басшылығының шешімімен жұмысқа қалдым. Жалақымды аламын әрі келесі жылы маман атанамын, - деді Дамир Дәулетқазиев.

«Доктор Самат» шақырады

Оралдықтар №5 емхана ауданындағы «DostarStom» жаңа стоматологиялық кабинет мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылды. Кәсіпкер Самат Ықыласовтың айтуынша, 2016 жылы ол халық арасында «ескі әуежай» деп аталатын жаңа шағын ауданнан  шағын кабинет ашып, жұмыс істеген. Ал өткен жылғы сәуір айында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыс бойынша филиалы көмегімен «Бизнестің жол картасы– 2020» бағдарламасы шеңберінде жаңа кабинетін ашқан.

- «Даму» қорының қолдауымен «БанкЦентрКредит» АҚ-дан 16,9 млн. теңге шамасында кепілдік алып, 20 млн. теңге несие алдым. Мемлекеттің қолдауы күшті. Несие пайызын субсидиялаудың арқасында 800-900 мыңдай қаржы үнемделді. Несиелік қаражатқа стоматологиялық жабдықтар сатып алып, кәсібімді кеңейттім. Қазір үш кабинет келушілерге тек рентгеннен басқа барлық стоматологиялық қызмет түрлерін көрсетеді. Рентген аппаратын орнатуға орынның тарлығы мұрсат бермейді. Алты адам жұмыспен қамтылған. Ғимаратты жалға алып отырмын, алдағы жылы жеке ғимарат құрылысын салғым келеді, - деді  «DostarStom» ЖШС-ның директоры Самат Ықыласов.

 

Бахил шығаруда

 

Оралда батыс өңрінде жоқ өндіріс ашылып, бахил шығарыла бастады. Кәсіпкер Алмагүл Давыдова «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде  «Сбербанк» АҚ-ның еншілес банкі арқылы 6%-дық мөлшерлемемен  4 млн. теңге несие алып, оған гигиеналық мақсаттағы бахил өндіретін қытайлық жабдық сатып алды. Сондай-ақ «Даму» қоры банктен несие алу үшін кәіпкерге 2,9 млн. теңгеге кепілдік етті. Қазіргі уақытта жалға алынған шағын орында өндіріс жолға қойылған.

Бала күтімімен үйде отырғанымда, қандай бизнсе түрімен шұғылдансам екен деп көп ойландым. Биылғы қаңтар айында өз ісін жаңадан бастаушыларға арналған кәсіпкерлік негіздеріне оқыдым. Сонда бахил өндірісін ашуға бел байладым. Өйткені бахил қалдықсыз өндіріс, оны сақтауда ерекше талаптар жоқ. Оның үстіне өңір нарығын мониторинг жасағанымда, облысқа бахил Ресейден және еліміздің өзге аймақтарынан тасымалданатынын  білдім, - деді «Алмагүл» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Алмагүл Давыдова.

Кәсіпкердің айтуынша, күніне 10 мың дана бахил шығаруға мүмкіндік бар. Қуаты 3 кВт-тық жабдық минутына 60 дана бахил шығарады.  Бүгінде 4 мың дана бахилге тапсырыс қабылданған. Өңірдегі бахил өндірісімен айналысатын жалғыз кәсіпкер ретінде өз өнімінің сапасына мұқият қарайды. Бір жұп бахилдің бағасы – 5 теңге, нарықтағыдан 30%-ға төмен.  Бұл – отбасылық бизнес. Алмагүл Среікқызы ерімен бірге өнім өндіреді, жарнамамен айналасады. Өнім 75%-ға қазақстандық, елімізде өндірілген пленка пайдаланылады. Өндірілген өнімді облыстағы медициналық мекеме-ұйымдарға, косметологиялық салондарға, тамақ және химиялық өнеркәсіп кәсіпорындарына жеткізуді көздеп отыр. Келешекте тек батыс өңірін ғана емес, іргелес Ресейдің облыстарын өз өнімдерімен қамту жоспарланған.

FB_IMG_1542903245576 FB_IMG_1542903212584 FB_IMG_1542903204183

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале