20.12.2016, 16:00
Оқылды: 54

Оралда екінші қайырымдылық Гранд балы өткізілді

oralda-ekinshi-%d2%9bajyrymdyly%d2%9b-grand-baly-%d3%a9tkizildi    ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Салтанат сарайында екінші қайырымдылық Гранд балы өткізілді. БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Ақиқат» жастар пікірсайыс орталығы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылған шарада Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев облыс басшысы Алтай Көлгіновтің атынан мерекемен құттықтап, жастарды отаншылдыққа, адамгершілік құндылықтарына тәрбиелеу мен олардың мәдени деңгейін көтерудің маңызы зор екендігін атап көрсетті.


   Соның ішінде осындай мәдени шаралар жастардың басын қосып, рухани жағынан баюына септеседі. Гранд бал жобасының бас әкімгері әрі ұйымдастырушысы Алпамыс Шәрімовтің айтуынша, биыл шараға қатысуға 550-ден астам жас тілек білдірген. Солардың ішінен 50 жұп іріктелініп алынып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бас балетмейстері, хореограф Қарлығаш Қадырбекованың жетекшілігімен бір ай бойы биге жаттықты. Олардың арасында түрлі мамандық иелері бар.

   Бал барысында 18-29 жас аралығындағы 120 үміткер жеті түрлі биден сынға түсті. Белгілі театр және кино актері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов, «Орал аруы-2015» байқауының жеңімпазы Вероника Залата, оралдық шоумен Сергей Жужа жүргізген кеште халықаралық «Славян базары» байқауының бас жүлдегері Димаш Құдайбергенов сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті. Бал соңында М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4 курс студенттері Айдана Жақсылықова мен Адхам Расулов үздік деп танылды. Айта кетейік, қайырымдылық шарадан жиналған қаржы облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының шәкірттерін қолдауға бағытталмақ. Осыған орай аталмыш мектеп директоры Арыстанбек Ғұбаш балды ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале