7.07.2019, 18:15
Оқылды: 165

Оралда электронды домбыра таныстырылды

Ұлттық домбыра күні Орал қаласындағы Қадыр ақын ескерткіші алдында мерекелік шара өтті. Оған белгілі өнер саласының ардагерлері, жергілікті әнші-күйшілер қатысты.

20190707_180238-800x571
– Жайық өңірі – дәулескер күйшілер туған жер. Ұлттық домбыра күнін кең көлемде атап өту, бабаларымыздың ұлы мұрасын ұрпаққа насихаттау – басты мақсат. Былтыр күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлының ізімен Ресейдің көршілес өңіріне танымдық экспедиция ұйымдастырып, жаңа деректер жинадық. Және Құрманғазы баба мерейтойына байланысты Орал қаласында бір мезетте 1700-ге жуық үлкен-кіші өнерпаз күй тартқаны көптің есінде. Қазақтың қара домбырасы – ұлттық брендіміз. Домбыраны насихаттауға арналған ауқымды шаралар биыл да жалғасады. Биылғы шілде айының өзінде жергілікті өнерпаздар Австрияға барып, қазақтың ән-күйін әуелетіп, ұлттық саз аспаптарының үнін танытып келді, – деді шарада облыстық мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев. Кейін «Күйшілер одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Асқар Кенжеғалиев белгілі домбырашылар Өтеген Жұмашев, Ермек Қазиев, Ұлмекен Батыроваға одақ атынан құрмет грамотасын және мүшелік билетін табыстады.

IMG_0349-800x533

Ақын ескерткіші алдында өткен шарадан соң, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Күйшілер» бөлмесі ашылды. Бөлменің ашылу салтанатына байланысты Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев пен облыстық мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев лентаны қиды. Бөлмеде жергілікті қолөнер шеберлері жасаған домбыралар қойылған әйнек сөре бар. Қабырғаға домбыра құрылысы туралы көрнекі сурет салынған тақтай ілінген. Кейбір тақтайға Ақ Жайық өңірінен шыққан күйшілер туралы мәліметтер жинақталған және аспап тарихына байланысты ерекше оқиғалар жөнінде жазылған. «Күйшілер» бөлмесіндегі ең ерекшесі – облыстық балалар техникалық-шығармашылық орталығының маманы Марс Мақсот жасаған электронды домбыра. Асқар Кенжеғалиевтің идеясымен жаңа аспап бір аптаның ішінде дайын болыпты. Қабырғаға тігінен бекітілген домбыра mp3 форматында жазылған күйлер әуенін орындайды. Оның ішегін шерткенде, күй сарыны өзгеріп отырады. Домбыраны іске қосқанда Bluetooth мүмкіндігін пайдалануға болады. Шебер алдағы уақытта ұлттық аспаптың техникалық ерекшелігін, безендірілуін жетілдірмек.

20190707_180552-800x509

Келген қауым күйшілер бөлмесімен танысқан соң, өнер орталығының концерт залына барды. Залдағы шарада одақ атынан марапаттау жалғасып, жергілікті домбырашылар күй орынады.

Нұртай Текебаев
суретке түсірген Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале