24.01.2020, 16:50
Оқылды: 159

Оралда ең үлкен жылыжай салынуда

Біздің өңірдің қысы ұзақ, климаты құбылмалы. Сондықтан облыс  тұрғындарын маусымаралық кезеңдерде жаңа піскен көкөніс түрлерімен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі десе де болады.

oral jylyjai

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, облыс аумағында жалпы ауданы 70 мың шаршы метрлік 100 жылыжай бар.  Бірақ түрлі себептермен соның барлығы бірдей жұмыс істемейді, 60 шақтысы ғана қияр, қызанақ өсіреді. Соңғы жылдары көкөніс өнімдерімен қамтитын жаңа жылыжай кешендері там-тұмдап салынуда. Мысалға, 2017 жылы Орал қаласында «Орал жылыжай» ЖШС жалпы ауданы 1,2 гектар жылыжай кешенін іске қосты. Ал 2021 жылы Бәйтерек ауданынан «World Green Company» ЖШС жалпы аумағы 12 гектар болатын жылыжай кешенін іске қосуды жоспарлаған. Бүгінде Орал қаласының Зашаған кентіндегі кірпіш зауыты маңында облыстағы ең үлкен жылыжай құрылысы жүруде.

«Орал жылыжай комбинаты» ЖШС 7 млрд. теңгеге голланд технологиясы бойынша жалпы ауданы 5,6 гектарды құрайтын жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде. Серіктестік бұдан бұрын да бір жылыжайды іске қосты. Орал қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Самал Есқалиеваның айтуынша, жылыжайдың жобалық қуаты жылына үш мың тонна  өнімді құрайды.  Компания «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның  БҚО филиалы арқылы «Жібек жолы» бағдарламасымен несие алған. Бұл бағдарламаның шарты бойынша қатысушы 15%-дық өз үлесімен, 20%-дық кепілдік қаржысымен несие алады. Жобаны «жандандыруға» аталмыш серіктестік 1 млрд. теңге өз үлесімен, 5 млрд. теңге несиелік қаржысын жұмсауда.

Жылыжайдың құрылысы 2018 жылы басталып, құрылыс жұмыстарына 85 адам тартылған. Құрылыс аумағы 1,2 шақырымдық қоршаумен оқшауланған. Көкөніс егілетін құнарлы қабат бұрғыланып, 5,6 гектар алаңға қалыңдығы 1,0 метрлік саз әкелініп, периметрі бойынша және негізгі жүк көтеретін жерлерде жиектік іргетас жолы жасалды. Сондай-ақ негізгі ғимаратқа желілерді жеткізу қарастырылған. Бүгінде жылыжай қаңқасының ішкі құрылымдары мен шыны қаптамаларын орнату жұмыстары  аяқталды. Жылыту жүйесіне қатысты айналмалы желілерін, қазандықтарды және жер асты жылу магистральдарын тарту, орнату  жалғасуда. Суару жүйесінде қолмен суару және дренажды суды жою жүйелері орнатылды. Бұл жоба өзінің тиімділігін көрсеткен жылыжай индустриясының әлемдік көшбасшысы голландиялық Dalsem (Голландия) компаниясымен жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асырылуда. Жылыжай үшін барлық шығын материалдарын жеткізу, техникалық қолдау, қызметкерлерді оқытуды Нидерланды мамандары өз мойындарына алған.

Жаңа жылыжайдағы СО2 басқару жүйесі, жылуға және тұманға қарсы жүйелер, жоғары қысыммен салқындату, жарықтандыру, климаттық бақылау, тік және көлденең перделер, суару жүйесі, дренажды суды қайта жинау, тұқым отырғызу жабдықтары, тоңазытқыш, сапаны бағалауға арналған аспаптар, өнімді орайтын жабдықтар жоғары технологиялы жабдықтар саналады. Мемлекет жылыжай құрылысына кеткен шығынның 25 пайызын субсидиялайды. Жоба іске қосылғанда 80 адам тұрақты жұмысқа қабылданады. Жылыжай кешені биылғы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілмек.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале