21.06.2017, 17:16
Оқылды: 81

Оралда Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың «Атамекен» фестивалі басталды

Eskendir konkurs   Орал қаласында белгілі әнші-композитор, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың ІХ халықаралық «Атамекен» ән фестивалі басталды.


     БҚО әкімдігі, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған дәстүрлі фестивальге Қытайдан, Ресейдің Астрахан қаласы, Қазақстанның Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстарынан барлығы 21 үміткер қатысуға тілек білдірді.

      Аталмыш орталық директоры Медхат Қамбетовтің айтуынша, айтулы дода мақсаты - Ескендір Хасанғалиев туындыларын насихаттаумен бірге қазақ ұлттық эстрада әндерін орындаушылардың шеберлігін көтеру, талантты жастардың жолын ашу.

       Қалалық мәдениет және демалыс саябағында жеребе тастау рәсімі өтіп, қазылар алқасының мүшесі, әнші-композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев барлық үміткерлерге сәттілік тіледі. Бұдан кейін қатысушылар ән бәйгесіндегі өз реттік нөмірлерін анықтап, үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблімен бірге флеш-моб билеп, «Атамекен» эмблемасына өз қолтаңбаларын қалдырып, түрлі-түсті шарларды ұшырды.

    Бүгін облыстық қазақ драма театрында ән аламанының бірінші кезеңі өтуде. Кешкісін әкелі-балалы Хасанғалиевтердің «Ауылым - әнім» шығармашылық концерті қойылады. 22 маусым күні байқаудың екінші кезеңі өтіп, фестиваль жеңімпаз-жүлдегерлері анықталады. Өнер додасы гала-концертпен қорытындыланбақ.

 Елжан Ералы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале