25.08.2017, 17:34
Оқылды: 71

Оралда финдік жаңа технологияны енгізу басталды

Финляндиялық сарапшылар облыстың жобалау институттарының, құрылыс компанияларының, құрылыс саласындағы мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен 3D модельдеу жаңа технологияларын енгізу тақырыбында бір күндік практикалық семинар өткізді.


Биылғы шілде айында облыс әкімі Алтай Көлгінов «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі алаңында Елбасының өңірлерге инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмасына орай Финляндия Президентімен кездескені мәлім. Кездесу барысында финдік компаниялармен бірге іске асырылатын жобалардың бірі – 3D модельдеу, жобалау жаңа технологияларын енгізу, яғни заманауи технологияны трансферттеу жайы таныстырылды. Сол кездесуде Оралда осы жаңа технологияны енгізуге келісім жасалды. Алдағы 2-3 айдың көлемінде Оралда нақты әлеуметтік нысанға қатысты алғашқы жобаны іске асыру жұмыстары басталмақ. Қазақстанда 3D модельдеу әзірге әлі енгізілмеген.

-Әдетте құрылыс жұмыстары басталмай тұрып, салынатын ғимараттың көрінісі тек қағаз жүзінде көрсетіледі. Инженерлік, техникалық білім-білігі бар мамандар болмаса, өзгелер жобадағы құрылыс нысанының салынып болғаннан кейін қандай пішінде болатынын білмейді. Сондықтан жаңа визуальдық модельдеу арқылы, яғни 3D моделі бойынша жобаның нәтижесі қандай болатынын көруге болады. Жобаны жобалағаннан кейін құрылыс жұмыстары басталмай тұрып, 3D модельдеу жасалмақ.  3D моделі, жобалау мерзімін 20 %-ға қысқартуға, құрылыс құнын 30%-ға төмендетуге және нысанды әрі қарай пайдалану үшін қаржылық шығындарды 20-30%-ға азайтуға мүмкіндік береді,- деді «Фин Бизнес Хаб» халықаралық инвестициялық компаниясының директоры Мұхтар Манкеев.

Жаңа технологияны өндіріске енгізу үшін алдымен жобалаушыларды аталмыш финдік компания есебінен 2-3 ай оқыту жоспарланған. Одан кейін белгілі инвестициялық бюджет анықталады. Оралда қазір жаңа шағын аудандар салынуда. Ондағы 5, 9 қабатты тұрғын үйлердің ортаға үйлесімділігін, тұрғындарға қолайлылығын тексеруге осы жаңа технология мүмкіндік береді. Сондықтан 3D модельдеу тек қаржыны үнемдеп қана қоймайды, тұрғындардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, қаланың жоспарын жобалаудың сапасын жақсартады.

-Компаниямыз 3D жобалауға негізделген суреттерді, бейнені шығарады. Визуальдық модельдеу әлеуметтік, өндірістік ғимараттарды салуда ең бастапқы кезеңде жобалаушылар, құрылысшылар немесе тапсырыс берушілердің әр жаққа тартпай, бір ортақ шешімге келуіне мүмкіндік береді, – деді финдік «Соllarrime» компаниясының орындаушы директоры Тони  Линдквист.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале