6.06.2018, 15:29
Оқылды: 139

Оралда «Гүлдер әлемі» фестивалі өтті

Орал қаласындағы мәдениет және демалыс саябағында Астана қаласының жиырма жылдығына арналған «Гүлдер әлемі» фестивалі өтті. Байқауға облыстың барлық аудандары, №44, 26, 20 қала мектептері, облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаты мен облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат кешенінің командалары қатысты.

- Ел жүрегі, ару Астананың жиырма жылдық мерейтойына арналған байқаудың мақсаты - балалар мен жасөспірімдерді экологиялық білімнің белсенді түріне тарту, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелей отырып, тазалық пен әсемдікке баулу,-дейді облыстық білім басқармасының облыстық экологиялық-биологиялық орталығының директоры Фатима Кержікова.

«Гүлдер әлемі» фестиваліне қатысушылар «Мерейтойыңмен, Астана!» кезеңінде тірі гүлдерден композиция құрастырса, «Гүлдер вальсі» дефиле сайысында тұрмыстық қалдықтардан тігіліп, гүлмен көмкерілген  костюмдердің сән үлгісін көрсетті. «Астана-болашақтың қаласы» аталымында жас өрендердің суретшілік дарыны сараланды.

IMG_6770-Бұл оқушылар үшін гүлдер фестивалі ғана емес, үлкен тәжірибе алмасу алаңы, достық мерекесі. Балалардың гүл өсіруге, гүлден неше түрлі бұйымдар мен сыйкәделер жасауға деген қызығушылығын арттырып, талантын ашатын аса маңызды шара,-дейді Қаратөбе ауданындағы Мұхит ЖОББМ технология пәнінің мұғалімі Наташа Бекжанова.

Қазылар алқасы Орал қаласы мен Жаңақала және Сырым аудандарының байқауға жақсы дайындықпен келгенін атап өтті. Фестиваль қорытындысы бойынша, «Мерейтойыңмен, Астана!» аталымында Сырым ауданының В.И.Шубин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Дина Семғалиева үздік шыса, «Гүлдер вальсі» аталымында Орал қаласындағы №20 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары Диляра Серікова мен Нұрәли Өтеғалиев жеңімпаз атанды. Ал «Астана-болашақтың қаласы» сурет байқауында Жаңақала ауданының №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебі жеңіске жетті.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале