12.06.2018, 16:32
Оқылды: 162

Оралда Ғұмар Қараш еңбектерінің үш томдығы таныстырылды

Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде Ғұмар Қараш еңбектерінің үш томдығы таныстырылымы өтті. Айтулы шараға зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, әдебиетшілер, өлкетанушылар, БАҚ өкілдері қатысты.

Көрнекті ақын, ағартушы, философ, қазақ баспасөзін қалыптастырушы тұлға, дін қайраткері Ғұмар Қараштың (1875-1921) шығармалары толығымен жинақталып алғаш басылып отыр.

Үш томдық жинақтың алғашқы томына ақынның көзі тірісінде шыққан жинақтарына шыққан, жарияланбаған «Қырғи» жинағындағы өлеңдері, ақынның мерзімді басылымдарда жарық көрген жыр шумақтары топтастырылды. Шығармалар жинағының екінші томына ақынның әңгімесі, көзі тірісінде кітап болып шыққан еңбектері, ақынның мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары топтастырылды. Ал үшінші томына Ғұмарды көріп-білген адамдардың естеліктері және Ғұмар Қарашқа арналған жыр-жоқтаулар берілді. Бұған қоса, ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қатысты тың деректер де топтастырылды.

-Баспасөз тарихын зерттей келе біздің облыстағы басылымдардың бастауында Ғұмар Қараш тұрғанына көз жеткіздік. Сөйтіп, Ғұмардың еңбектерін де жинақтауды мақсат еттік. 2012 жылы шайырдың немересі Надежда Қарашева қолымызға еш жерде жарияланбаған көп деректерді табыстады. Содан бері алты жыл өтіпті. Жинақ жобасы алматылық ғалымдар арасында талқыланды. Жалпы , үш томдыққа Ғұмарға қатысты материалдарды жинастырдық. Бабамыз заманның ең озық дүниесі – газет құралдарын әкеліп, Алаш елін баспасөзбен қауыштырған тұлға,-деді «Ғұмар Қараш» үш томдығының жоба жетекшісі, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин.

IMG_3278-Бұл еңбек - алты жылдық жұмыстың нәтижесі. Жинақ бастан аяқ қолымыздан өтті. Бұл жұмысқа көптеген адам үлес қосты. Біз Надежда апамыз көре алмай кете ме деп қорқып едік. Сөйтіп, баспадан шыққан бойда, апамызға табыстадық. Шайырдың ұрпағы ризашылығын жеткізді. Еңбектің негізгі жүгі, қомақты бөлігі - сол кісінің жинаған, тапсырған 17 папкасының материалдары. Алда жұмыстар көп. Ғұмартануда ашылмаған беттер көп. Мысалы, кітап шыққан соң да тың деректерге кезігіп жатырмыз. Жуырда Уфаға сапарымызда ақынның өз қолымен жазған кітапшасын тауып алдық. Ғұмар Қараш указной молда болып жұмыс істеген екен. Бір жылдың метірке деректерін өз қолымен толтырған кітапшасын көрдік. Көшірмесін өзімізбен ала келдік. Құжатта Ғұмар 1874 жылы дүниеге келгенін жазған . Осыған дейін шайырдың туған жылы туралы көзқарасы әрқилы еді. Соңғы кезде ғалымдар 1875 жыл деп тоқтаған еді. Ал енді бабамыздың туған жылы келтірілген құжат табылды. Сонымен қатар кітапшадан Ғұмар Қараштың Уфа, Қазан қалаларында діни білім алғанын оқыдық. Осы уақытқа дейін Фурманда Ғұбайдолла Ғалекеев деген молдадан дәріс алғанын білгенімізбен, діни жоғары білімі туралы ақпарат жоқ еді. Бұл алда жұмыстар көп екенін аңғартады, - деді осы істің бас-қасында жүрген баспасөз зерттеушісі, журналист Қазыбек Құттымұратұлы.

Таныстырылымда тарихшы Бақтылы Боранбаева аталған жинақтың қазақ тарихына қосылған жаңа үлес екенін атап өтті.

IMG_3372-Ғұмар Қараш – күрделі тұлға. Оның пәлсапа, құқықтық көзқарасы, ақындығы, қайраткерлік жағы зерттелді. Зерттелмеген тұсы – педагогикаға сіңірген еңбегі. Бүгінгі мектеп, ЖОО жаңа оқу жүйесіне көшуде. Жүйе бойынша бала сабақ барысында өздігінен ізденуі қажет. Ұстаз тек қана бағыт береді. Ал тура осы әдісті бабамыз 1919 жылы «Мұғалім» журналында педагогика еңбегінде айтып кеткен. Аз ғұмыр кешсе де, ғылымның әр саласында із қалдырған Ғұмар мұрасы – құлдық санадан арылтатын қазына, - деді Б.Сансызбайқызы.

Айта кетейік, Ғ. Қараш үштомдық жинағының сыртқы мұқабасы мен жалпы құрылымының өзінде де зор мән-маңыз бар. Мәселен, мұқабадағы ақынның суреті – 1918 жылы Үпі қаласында түсірілген тарихи суреттердің бірі. Кітап негізіне қолданылған мәліметтер мен құжаттар, жазбалардың ескі заманнан сақталып қалғандығын, тарихтан сыр шертетіндігін білдіру мақсатында сыртқы фон ретінде ақшыл сарғыш, Алаш туының түсі – жасыл түс қолданылған.

Ғұмар Қараш үштомдықтың тұсауын кесу құрметі ақындар Ақұштап Бақтыгереева мен Ғайсағали Сейтаққа тапсырылды. Шарада сөз алған тарихшы Дәметкен Сүлейменова, Жәнібек Исмурзиндер, әдебиетші-тілші ғалымдар Болат Жексенғалиев, Зейнолла Мүтитегі, ардагер журналист Тихон Әліпқали, жазушы-ұстаз Дариға Мұштанова, ақын Мұнайдар Балмолда, қоғам белсендісі Нұрлан Сәдір жаңа еңбекті ғұмартану саласына қосылған қомақты үлес деп атап өтті.

Шарада Жантас Набиоллаұлы жинақ жұмысына атсалысқан бірқатар азаматқа алғыс хат табыс етті.

 

 IMG_3324Дариға Мұштанова, ардагер ұстаз, ақын-жазушы:

Жинақты қолыма алғанда, Ғұмардың «Дұрыс бер, дәріс берсең теріс берме» деген сөзі оттай басылды. Қазіргі білім саласының қасіреті – дұрыс білім бермеу. Бұл сөзді мектептердің маңдайшасына жазып қою керек. Ғұмар балалардың біліміне көңілі толмай, оларды өз бағдарламасымен оқытты. Былайша айтқанда, авторлық мектеп ашты.

Жинақта ғылыми жоба қорғауға тың тақырыптар өте көп. Сол кездегі сөздің қолданылуы, ауыз әдебиеті, жоғалған сөздер т.б. бағытта зерттеу жұмыстарын жазуға болады.

 

 

Болат Жексенғали, филология ғылымдарының кандидаты:IMG_3429

Ғұмар Қараш еңбектерінің үш томдығының шығуы - ұлттық рухани мұрамыздың ұрпаққа қайта табысуы деп білемін. Ғұмар ағартушыдан бастап қайраткерге дейін көтерілді. Неге ? Себебі ол ұлттың ұлт ретінде жойылып кету қауіпін сезінді. Ал қазір ұлттың мүддесін қорғар зиялылар қалыптасты ма? Шыны керек, ғалымдарымыз ұсақ-түйек шаруаға бола айтысып жүр. Біз Ғұмар бабамыздай қайраткер деңгейіне көтерілуіміз қажет.

 

 

Жәнібек Исмурзин, тарих ғылымдарының кандидаты:IMG_3458

Ғұмар Қараш – тұлғалық деңгейге көтерілген Оразақай, Нияз би сияқты тектілердің ұрпағы. Өздеріңіз білесіздер, ол кей жерлерде лақып атын  «Оразақай» деп жазады. Нияз би - Бөкей ханның тұсында өмір сүрген, кей билер сияқты көлеңкеде қалмаған, абыройлы тұлға. Ғұмар мұрасы үш жинақпен шектеле қоймас. Кітапқа Мұстафа Ысмағұловтың зерттеулері де енген екен. Бүгінгі болып жатқан шара– ел болып қуанатын оқиға. Баршамызға құтты болсын!

 

 

 

Нұрлан Сәдір, облыстық Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі:IMG_3441

Ғұмарды халыққа қызмет етудің үлгісі ретінде тану керек деп есептеймін. Бабамыздың мұрасын насихаттауға қатысты біз де кішкене үлесімізді қосқымыз келеді. Ғұмар, Дәдем ата сияқты тұлғаларды мазмұндама, шығарма, жазба жұмыстарына тақырып ету керек. Бұйырса, осы іс жүзеге ассады. Сонымен қатар Х.Бөкееева атындағы облыстық қазақ драма театрының басшысы Қуаныш Амандықовқа Ғұмар туралы қойылым сахналау туралы ұсыныс тастадым. Ол қуаныштың да ауылы алыс емес деп үміттенемін.

 

zhaikpress.kz

Темирболат Токмамбетов3 IMG_3261  IMG_3350 IMG_3356 IMG_3398   IMG_3447  IMG_3475 IMG_3484 IMG_3490

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале