8-707-808-48-55
12.09.2018, 18:05
Оқылды: 603
Оралда Исатай мен Махамбеттің ескертіші қойылатын орын белгіленді

Шаған өзенінің жайылмасы абаттандырылып, өзен арқылы қалаға кіретін көпірдің алдына батыр бабаларымыз Исатай мен Махамбеттің ескерткіші қойылмақ. Бұл туралы Орал қалалық әкімдігінде қала әкімі Мұрат Мұқаев пен қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеров қос батырға арналған  ескерткіштің орнын талқылау үшін зиялы қауым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен кездесуде айтты. 

DCIM100MEDIADJI_0042.JPG

Биыл алдаспан жырдың дарабозы, батыр, қолбасшы Махамбет бабамыздың туғанына 215 жыл толады. Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен  біраз жылдан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан қос батырға ескерткіш орнату мәселесі оң шешімін тауып, қаржы бөлінді. Қала әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, ескерткіш ауқымды, монументалды, бұрын-соңды мұндай ескерткіш шаһарымызда болмаған. Ескерткіш қоюға ыңғайлы деген 11 орын зерттелген. Алайда ол орындардың барлығы биіктігі 12 метрлік алып ескерткішке тарлық етеді. Ескерткіштің астындағы тұғырын қоса алғанда 4-5 қабатты ғимараттың биіктігімен пара-пар болмақ.

Көптеген қалаларда монументалдық ескерткіштер өзендердің жағалауында немесе шаһардың кіреберіс қақпасына орнатылған. Мысалға, Башқұртстанның Уфасында башқұрттың ұлттық батыры Салауат Юлаевтың ескерткіші Жайық өзенінің жағасында тұр. Алматы облысындағы Наурызбай батырдың, Моңғолияның Ұлан-Батырындағы Шыңғыс ханның ескерткіштері қаланың кіреберіс қақпаларында елге келген қонақтарды, туристерді қарсы алып тұрады. Әр түрлі пікірлер болды. Соның барлығын ескере келе шаһардағы Алмазов көшесіне дейін созылып жатқан ұзын Чагано Набережная деген көшеге Исатай мен Махамбет бабаларымыздың есімдерін беріп, қалаға кіре берістегі Шаған өзенінің үстіне салынған көпірге жақын қою жоспарланып отыр, - деді Мұрат Мұқаев.

 Оның айтуынша, 2019 жылы қаланың бас жоспарына толықтырулар енгізілмек. Шағанның жайылмасын абаттандырып, екі үлкен саябақ, автотұрақтар салу, ескерткіштің артына жаяу жүргінші өтетін көпір құрылысы жоспарланған.

Белгілі ақын-журналист, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ темір жол вокзалы алдындағы азамат соғысының батыры В. Чапаевтың ескерткішін алып, оның орнына қою үшін сол аумақтағы базарды көшіріп, сол ескерткішті алып тастауға уақыт кетеді. Сондықтан уақыт оздырмай Шаған өзені жағалауына орнатуды тиімді деп есептейтінін жеткізді. «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалының директоры  Асылан Ғұбашев ескерткіштің алдын кеңейтіп, оның айналасына ұлттық рухтағы сәулеттік элементтермен толықтыру жөнінде ұсынысымен бөлісті. «Стройкомбинат» ЖШС-ның директоры Бақытжан Нұрбаев алып ескерткіштің қала ішіндегі ұсынылған орындарға үйлеспейтінін, пропорциясын жоғалтатын айтып, Шаған өзені жайылымындағы орынның тамаша таңдау екенін жеткізді.

-Махамбет жорықта да, өмірде де Исатайдың алдына түспеген. «Исатай деген ағам бар, Ақ кіреуке жағам бар» деген. Көшенің атына да Исатай, Махамбет деп жазуымыз керек. М. Өтемісов атындағы университет деп аталып кетті. Соны Махамбет атындағы университет деп өзгертсек керемет болады. Махамбет - өмірі аттан түспеген жорық жырауы, қазір оны жалаң бас бейнелейтін болдық. Ат үстінде, ел алдында жүрген азаматтың басындағы бас киімінің болмауы жақсы емес. Батыр дулығасымен санамызда қалды. Сондықтан дулығасын басына кигізу керек деп есептеймін, - деді жазушы-журналист, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин. Сондай-ақ ол бұл ескерткішті түрлі тәрбиелік шаралар өткізуге пайдалану туралы ұсынысын білдірді.

Кездесуді қорытқан қала басшысы ескерткіштің эскизін республикаға танымал архитектор Серік Исаев деген азамат жасағанын, оның әлі де жетілдірілетінін, соған орай кездесулер өтетінін жеткізді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Zhaikpress.kz

Isatay Mahambet (2)

Ұқсас жаңалықтар Басқа да жаңалықтар
Пікір қалдыру