29.08.2017, 20:49
Оқылды: 28

Оралда қайырымдылық Гранд балы өтпек

IMG_0199Бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде «ІІІ қайырымдылық Гранд балын өткізуге дайындық барысы» тақырыбында брифинг өтті. Брифингке БҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы А.Сакошев, «Ақиқат» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі М.Сүлейменов, «Аялы алақан» қайырымдылық қорының директоры Р.Хайрушева, аталмыш жоба авторы А.Шаримов пен жоба директоры, хореогроф-балетмейстер Қ.Қадырбекова қатысты.
Брифингте Аян Сакошев мәлімдегендей, бүгінде облыс жастарының белсенділігін, олардың қоғаммен байланысын арттыру, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі жобалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі – облыс жастарын рухани қолдау, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету мақсатында дәстүрлі өткізіліп келе жатқан қайырымдылық Гранд балы. Биыл қазан айының 2 жұлдызында өтетін шараға дайындық жұмыстары қызу басталып кетті.
ІІІ қайырымдылық Гранд балын ұйымдастырушылардың қатарындағы «Ақиқат» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі М.Сүлейменовтің айтуынша, өңірдің белсенді жастарының басын қосатын бұл шара биыл ауқымды өткізілмек. Қайырымдылық көрсетумен қатар әр түрлі саладағы өңір жастарының басын қосатын шараға танымал журналистер мен елімізге белгілі шоу бизнес өкілдері шақырылмақ.
Брифингте балдың өту барысымен жоба авторы Алпамыс Шаримов арнайы таныстырды. Қайырымдылық балына қатысушы дебютанттарға кастинг 3 қыркүйек күні қазақ драма театрында өткізілмек. Кастингке 18-29 жас аралығындағы кез келген жас мамандығына, кәсібіне қарамай қатыса алады. Іріктеуден өткен 100 жастың (50 жұп) бір ай бойы дайындықтары пысықталады. Оларға Астана операсының бас балетмейстері Досжан Табылды шеберлік сыныбын өткізеді.
-Біз қайырымдылық балын өткізумен шектеліп қана қоймаймыз. Жоба аясында біз түрлі қайырымдылық, көпшілік шараларды ұйымдастыруды жоспарлап қойдық. Атап айтсам, 30 қыркүйек күні дебютанттардың қатысуымен «Жүректен жүрекке» әлеуметтік шарасы өткілмек. Бұл шара аясында танымал тұлғалардың қатысуымен шалғайдағы ауылда тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға танымал эстрада жұлдыздарымен бірге арнайы сый-сияпат дайындап қойдық. Яғни, 100 дебютант кімге көмектескісі келетінін анықтайды. Сол арқылы біз адамдардың мекенжайларына «Қазпошта» АҚ арқылы тосын сый жібереміз. Екінші шарамыз 30 қыркүйек - 1 қазан күндері «Әр күнге махаббатпен» деген мотивациялық тренинг түрінде өткізіледі. Мастер-класта танымал тұлғалар өмірлік тәжірибелерімен, жетістікке жету жолдарымен бөлісетін болады. Қазір тренингке қатысатын тұлғалар тізімі бекітілді. Қазнетте танымал жұп Марлен мен Анель, мәнерлеп сырғанушы Денис Тен, журналист Ләйла Сұлтанқызы шараның құрметті қонағы болмақ, -деді А.Шаримов.
Сондай-ақ биылғы шараға қатысушыларға киім үлгілеріне ерекше мән берілетіні жеткізілді. Балға кіру дресс-коды: қыз-келіншектерде кешкі көйлек, ер азаматтарда ақ көйлек пен қызыл көбелек болуы тиіс.
Сонымен қатар шараға танымал эстрада жұлдыздары Димаш Құдайбергенов, Жанар Дұғалова, Кәмшат Жолдыбаева, Ренат Ғайсин, арнайы кеш қонағы «Еуровидение- 2011» жеңімпазы Эльдар Гасымов және басқа да өнер жұлдыздары келеді деп күтілуде. Кешті актер Асылхан Төлепов пен танымал тележүргізуші әрі актриса Гүлнар Сілбаева жүргізетін болады.
Жобаның директоры Қ.Қадырбекова аталмыш шара облыстық деңгейде емес, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде өтетінін хабарлады. Осы шараға қатысуға ұсыныстар еліміздің өзге өңірлерінен және Ресей мен Қытай елдерінен түсіп жатқандығын жеткізді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале