21.12.2018, 16:01
Оқылды: 63

Оралда қайырымдылықпен айналысатын еріктілер тобы бар

Орал қаласының белсенді студенттері бас біріктіріп, «Жүрегі кең жастар» деген еріктілер тобын құрған. Олар бір жылдан бері көп балалы отбасыларға, жетім балаларға, жалғыз басты аналарға көмектесіп келеді екен. Ешқандай жарнамасыз қайырымды іс атқарып жүрген бұл топта Оралдағы медициналық, педагогикалық колледждердің және БҚИТУ-дың 20 студенті бар. «Еш жарнамасыз» деп отырғанымыз, еріктілер тобы өз істерін ешқашан жұртқа жария қып көрмепті. 

Еріктілердің бірін әңгімеге тартсақ, олар тұрмысы төмен көп балалы отбасылардың пәтерақысын төлеуге, оқушы балаларына мектеп формасын алуға жәрдемдесіп, шамалары жеткенше азық-түлікпен қамтуға тырысады екен. «Мұндай көмекке зәру адамдармен үнемі байланыстамыз, қиналған кездерінде бізге хабарласады» дейді «Жүрегі кең жастар» тобының мүшесі. Топқа көбінесе жұмыс жасайтын студенттер демеуші болып, қаржылай көмек береді.

Осы еріктілер Оралдағы Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне өмірге құлшыныс тақырыбында тренинг өткізді.

Тренер ретінде жас кәсіпкер Жандос Рсалиев шақырылған. «Азия Глобал Сервис» және «Тутто Татти» мекемелерінің басшысы әрі «Ақсай қаласындағы бразилиялық джиу-джитсу және грэпплинг» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жандос өзінің балалық және студенттік шағындағы қиындықтарды қалай жеңгенін, жеке кәсібін қалай бастағанын, өмірлік ұстанымдары мен мақсатын айтты. Жандос – спортпен де айналысып, түрлі қоғамдық шараларға волонтер ретінде атсалысып жүрген белсенді жас.

- Бұл шараның мақсаты – жасөспірімдерге бағыт сілтеу, алдарына дұрыс мақсат қойып, оған қол жету жолын нұсқау. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының басшылығы біздің ұсынысымызды қуана қолдады. Бұл шараға БҚИТУ-дың тілдер және менеджмент факультетінің әр студенттері 100 теңгеден жинап, демеуші болды. Оларға алғыс айтамыз. Ол қаражатқа біз жас мөлшері өтпелі шақтағы жасөспірімдерге ой саларлық кітаптар алдық, - дейді шараны ұйымдастырған еріктілердің бірі Гүлнәр Қуанғалиқызы.

Еріктілер шараға қатысқан жасөспірімдерге Дейл Карнеги, Джозеф Мерфи, Роберт Кийосаки сияқты әлемге танымал авторлардың мотивациялық кітаптарын сыйлады.

Нұрлыбек Нұрланұлы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале