15.08.2019, 11:29
Оқылды: 162

Оралда Қала күніне орай жүгіру жолағы ашылады

Түрлі салада еңбек етіп, Орал қаласының өркендеуіне үлес қосып жүрген белсенді жастармен Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов кездесіп, жыл сайын қыркүйектің алғашқы жексенбісінде дәстүрлі түрде тойланатын Қала күнін ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар мен тілектер ортаға салынды.

 zhastar (4)

–Туған қаламыздың көркеюі мен қарыштап дамуы үшін әрбір жастың үлес қосуы – міндет. Жергілікті билік тарапынан қандай да болмасын шешім қабылданарда ұлт болашағы саналатын жастардың пікірі, ықылас-ниеті ескерілуі тиіс деп есептеймін. Қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде тойланатын шаһар мерекесіне орай түрлі шара жоспарлануда. Мәселен, өңірімізде тұңғыш рет «Жайықтың би әлемі» атты облыстық би фестивалі өтеді. Фестивальді өткізуге мұрындық болып отырған «Салтанат» би ансамблінің мүшелері – құрылғанына көп болмаса да, бүгінгі кезге дейін бірнеше салмақты өнер бәйгесінде топ жарып үлгерді. Таяуда облыс делегациясы құрамында Австрия еліне барған сапарымызда би ұжымы шетелдіктерді талантымен таң қалдырды. Ал бүгінгі кездесу барысында Қала күнін атап өтуге сіздердің тарапыңыздан ұсынылатын жобаларды күтеміз, – деді Бақытжан Хаберұлы.

«Uralsk Runners» қозғалысының жетекшісі Асхат Рамазанов осыдан бір жыл бұрын белсенді жандардың басын қосып, содан бері салауатты өмір салтын ұстанып, жан-жақты тұлғалық дамуды насихаттап келеді. Бүгінде қозғалыстың 100-ден астам мүшесі бар, олар күнделікті жүгіру арқылы бірнеше шақырымды бағындырып қана қоймай, футбол және волейбол ойнайды. Сонымен қатар клуб мүшелерінің тұрақты түрде өтетін басқосуларында әр салада жетістікке жеткен жастар тәжірибелерімен бөлісіп, тақырыптық тренингтер өткізіп тұрады екен. Қазақстанның қалаларында өткен марафондарға қатысудан бастаған қозғалыс мүшелері алдағы уақытта шет елдерде өтетін жүгіру жарыстарына қатысуды, әлемнің түкпір-түкпіріне саяхаттауды мақсат етіп отыр.

«Кез келген адам үшін тұлға ретінде қалыптасып, жан-жақты даму маңызды. Ал өзің мықты болуың үшін айналаңа мықты жандарды топтастыруың керек. Қазіргі таңда қаламызда жүгіруге ынта танытып жүрген жандардың көбейіп келе жатқандығы, олардың жас деңгейінің әртүрлілігі қуантады. Биыл арнайы жүгіру жолағы қажеттігін айтып, осы мақсатқа қаржы жинау ісін қолға алғанбыз. Аз уақыт ішінде жергілікті тұрғындар тарапынан 1,5 млн. теңгеден астам қаржы жиналды. Бұл іске жергілікті әкімдік пен жанашыр меценаттар үлес қосып, қазіргі таңда жүгіру жолағының құрылысы жүргізілуде. Тұңғыш Президент алаңында орналасқан бір шақырымнан астам жолақ 7 қыркүйек күні Қала күніне сый ретінде қолданысқа беріледі», – деді А. Рамазанов.

Аяужан Кереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале