19.10.2019, 21:45
Оқылды: 95

Оралда «Қамқор» қайырымдылық іс-шарасы өтті

Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында облыстық дін істері басқармасының тапсырысы негізінде «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қамқор» қайырымдылық іс-шарасы өтті.

IMG-20191019-WA0058-800x533
Оған Орал қаласындағы көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мен «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері, жалпы саны 300-ден астам адам қатысты.

IMG-20191019-WA0059-800x533
-Қайырымдылық шарасы мейірім мен жылуға зәру жандарды бір ортаға жинап, оларға тек материалдық қана емес, рухани да қолдау көрсету бағытында қолға алынды. Алдымен келушілерге балаларға арналған жылы киімдер мен мектепке қажетті оқу құралдары салынған сөмкелер табысталды.

IMG-20191019-WA0060-800x533 Бұдан соң облыстық қазақ драма театрының әртістері ұсынған «Жәннат» қойылымын тамашалады. Барлық қатысушыларға арналып, театр фойесінде дастарқан жайылды, - дейді «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының жетекшісі Муслим Джанысов.
Режиссер Мұқанғали Томановтың «Жәннат» драмалық қойылымы осыдан бес жыл бұрын қалың көрерменге жол тартты. Қойылымда теріс ағымға ілесіп, отбасылық және ұлттық құндылықтарды тәрк етіп, қоғамнан аулақтағандардың өмірі суреттеледі.
-«Жәннат» спектаклін тебіренбей көру мүмкін емес екен. Тура жолдан тайып, өмірде опық жеген жандардың тағдыры үлкен ой салды. Бір сәтке де болса, күйбең тірліктен көңілімізді аулаған, әсіресе кішкентай балаларымызға мереке сыйлаған қамқор азаматтарға ризашылығымды білдіремін, - дейді қала тұрғыны Мөлдір Сейсенова.
Ал ата-аналары қойылым көріп отырғанда кішкентай балалар зерікпеу үшін оларға «Балаларға базарлық.Орал» аниматорлар ұжымы ертегілер мен мультфильмдер кейіпкерлерінің қатысуымен қызықты да көңілді демалыс ұйымдастырды. «Кішкентай көрермендеріміз ойындарға белсенді қатысты. Әсіресе, аниматорлармен ойнағанда қатты қуанды. Би билеп, ән айттық. Балаларға тәттілер мен өзге де сыйлықтар табыстадық, - дейді аниматорлық орталық жетекшісі Ерлік Шамғалиев.

Динара Жұмабекқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале