25.05.2019, 19:39
Оқылды: 22

Оралда «Қарашығанақ» компаниясының қаражатына тоғыз қабатты екі үй салынады

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов облыс аумағындағы бірқатар маңызды нысанда жүргізіліп жатқан жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.

IMG_4461-800x533
Ең алдымен қала орталығындағы Есқалиев көшесінде орналасқан 149, 151, 153-ші үйді сыру жұмысы барысымен танысқан өңір басшысы апатты деп танылған үйдің тұрғындарымен жүздесті. Бірнеше жылдан бері баспананы жаңалау мәселесін көтеріп жүрген жандар атынан Гүлжиян Өтешқызы және Гүлнара Сәрсенғалиева сөз алып, Елбасы бастамасымен қолға алынған игі бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысып жүрген  ел азаматтарына алғыс білдірді.

IMG_4532-800x533

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиев апатты үйдің тұрғындарын уақытша баспанаға орналастыру жұмыстарының барысымен, ескі баспана орнына жаңасын тұрғызуды қолға алатын мердігер компания – «Альтаир» ЖШС-ның бас директоры Сергей Потиченко құрылыс жобасымен таныстырды.

IMG_4500-800x533
– Бүгінгі таңда апатты үйлерді жою өзекті мәселеге айналып отыр. Облыс орталығында жалпы саны 40-тан астам апатты үй болса, оның 12-сі бұзылып, орнына жаңа баспана салынды. Соның арқасында 200-ден астам отбасы жаңа үйде жайлы тіршілік кешуде. Ескі үйлерді жаңалау жұмысы квартал бойынша жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, қазіргі таңда «Ақжайық» стадионы аумағы мен қалалық полиция бөлімі маңында жаңа үйлер салынуда. Алдағы уақытта тағы 15 үйді бұзу жоспарлануда. Бүгінгі бұзылған үш үйдің де салынғанына ғасырдан астам уақыт өткен, сол себепті қыста шатыры құлап, тұрғындардың өміріне қауіп төнген болатын. Апатты жағдайдағы баспаналарды жаңалау жұмыстарының барлығы дерлік мемлекеттік-жеке меншік серіктестік бойынша салынуда. Демек, барлық шығын инвесторлар тарапынан, жергілікті бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбейді. Әкімдік тарапынан жердің құжаттарын рәсімдеу және құрылыс жұмыстары жүріп жатқан уақытта тұрғындарды уақытша баспанаға орналастыру мәселесін шешу ұйымдастырылады. Ал ескі үйдің тұрғындары жаңадан бой көтерген үйден бұрынғы баспанасының аумағынан кем болмайтын пәтер иеленіп, қалған пәтерлерді құрылыс компаниясы нарық бағасына сәйкес саттыққа шығарады. Қаланың ескі бөлігіндегі құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компанияларға қойылатын басты талап – жаңа баспана сырт келбетінің архитектурасын тарихи қалыпта сақтау.

IMG-20190526-WA0001

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы өңірімізге сапары барысында апатты үйлер мәселесі талқыланып, аталмыш бағытта бізге қолдау көрсетілетін болды. Осы ретте ел Президентінің тапсырмасына сәйкес «Қарашығанақ» компаниясының қаражатына тоғыз қабатты 2 үй салынады. Алдағы жылы қолданысқа берілетін бұл екі үйге апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары көшіріледі. Нәтижесінде жалпы саны 240 пәтер өз иесін табады деп жоспарлануда, – деді А. Көлгінов.

IMG_4427
Облыс әкімі сонымен қатар Омега ауданындағы көпір құрылысының барысымен танысты. Жұмысты орындауға жауапты «КА-СТРОЙ ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Төлеген Қарағойшиннің мәлімдеуінше, қазіргі кезде құрылыс алаңында жалпы саны 87 адам таңғы сағат 07.30-дан түнгі 24.00-ге дейін екі ауысыммен жұмыс жасауда. Жалпы саны 140 көпір тіреуінің 120-сы дайын, олардың тереңдігі орташа есеппен 20-22 метрді құрайды.

IMG-20190525-WA0084-800x600

Тіреуіштерді тұрғызу жұмыстары 10-15 күнде аяқталады деп жоспарлануда. Алтай Сейдірұлы бұрғылау, құрылыс материалдарын қабылдау барысын бақылап, құрылыс компаниясы басшылығына жұмысшылардың еңбекақыларын уақтылы төлеп отыруды тапсырды. Сондай-ақ көпірге екі тараптан кіреберіс жолдарды ең алдымен аяқтау, құрылыс материалдарының сапасын назарда ұстау жайы баса айтылды.

20190525_190502-800x593
Орал қаласының Еуразия даңғылы бойында орналасқан 12 қабатты төрт үйдің қасбетін жаңарту ісі жуырда қолға алынған болатын. Осы жұмыс барысын да шолып қайтқан өңір басшысына учаске басшысы Олег Пасконов мән-жайды баяндады. Оның айтуынша, қазіргі кезде екі үйде қатар жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Қасбетті жаңалау жұмыстарына 10-20 жылдан астам кепілдігі бар әрлеу құралдары қолданылуда. Алтай Сейдірұлы орындалып жатқан жұмыс барысына оң бағасын беріп, ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі мен жұмыстың сапалы болуын қамтамасыз ету екендігін айтты.

Аяужан Кереева,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале