20.08.2020, 9:46
Оқылды: 266

Оралда кәсіпкерлер қаражатына үш спорт кешені салынуда

Орал шаһарында кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен үш спорт кешені салынып жатыр. Ондай нысандар бұқаралық спортты дамытуға және ертеңгі чемпиондарды тәрбиелеп, өсіріп шығуға қызмет етпек.

sport 4

Жас кәсіпкер Данияр Ғабдуллин жеке қаражатына «Омега» зауыты ауданындағы ескі ғимаратты іске жаратып, «Омега sports» спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын салуда. Аумағы 3 мың шаршы метр болатын кешенде негізінен «Спартак» спорт академиясының және әлемде 300-ден астам филиалы бар «Юниор» балалар футбол мектептерінің халықаралық желісі тәрбиеленушілері спортпен шұғылданбақ. «Біздің жаттықтырушылар құрамы арадағы келісімшартқа сәйкес Мәскеудегі Ф.Черенков атындағы «Спартак» футбол клубының академиясында тәжірибе жинақтайды. Бұдан басқа аталмыш академияның жаттықтырушылары Оралға келіп, қабылдаған  болашақ футболшыларды тағы да іріктеуден өткізеді. Бүгінде еліміздің батыс өңірінен басқа да облыстардан футбол мектебінде оқуға алдын ала жазылу жүргізіліп жатыр. Жаңақала, Жәнібек, Тасқала аудандарынан мықты футболқұмар жасөспірімдер бар екен. Жеке мектепте оқу ақылы болғанымен, шәкіртақы қоры да құрылған. Балалар үйлерінен де шәкірттерді футбол ойнаудың қыры-сырын үйренуге тартпақпыз», – деді құрылтайшы Данияр Ғабдуллин. Оның айтуынша, өзі бала кезден «Ақжайық» футбол клубында ойнаған. Алайда жас футболшыларға жағдай жасалмады, қыста төрт қабырғаға қамалып, үйде отыратын. Жаттығулар тек жаз айларында өтетін. Елімізде «Қайрат», «Астана» спорт клубтарының мықты базалары бар. Сондықтан бұл жеке футбол мектебі өңірдегі олқылықтың орнын толтырып, спортқұмар өрендердің үлкен спортқа «белін буып», тәрбиелеуді көздейді.

sport 3

Аталмыш кешенде 3 жастан бастап 6 жасқа дейін ұлдарды бірден футбол ойнауға емес, спортқа, денсаулығын шынықтыруға баулиды. Ал 6 жастан бастап футболға ынтасы бар балалар топтарға бөліп, жаттықтырады. Жалпы 3-15 жастағы 300 ұл «Юниор» футбол мектебінде, одан әрі 6-14 жастағы іріктеліп алынған тәрбиеленушілер осы кешендегі «Спартак» спорт академиясының филиалының базасында жаттығады. «Юниор» мектебі 2016 жылы ашылып, жұмыс істеп келеді. Онда үш жаттықтырушы қызмет етеді.

Спорт кешенінің құрылысы 2019 жылы маусым айында басталған. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Енді алдағы қараша айында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсыру көзделген.  Кешенде футбол алаңы, диаметрі 7 метрлік екі және 4,5 метрлік каркасты бассейн, аэробика, функциоанальды жаттығулардың бірі Кроссфит залы, пайдалы тамақ ұсынатын тамақтану орны болмақ. 1326 шаршы метрлік футбол алаңында бір мезетте 100-150 бала теңбіл доп теппек. Футбол алаңы неміс өндірушісінің  жасанды көгалымен жабдықталған. Жабынның FIFA сертификаты бар. Қалай болғанда да, балалар футболын дамытуға қаржы салған құрылтайшының игі ісі құптарлық. Мұндай академияның, футбол мектебінің ашылуы футболдың өркендеуіне, мықты кәсіби футболшылардың өсіп шығуына, түптеп келгенде ел спортының өркен жаюына жол ашпақ.

Келесі нысан - Есенжанов көшесі 19/1 мекенжайындағы «Достық» спорт кешенінің құрылысы жергілікті кәсіпкер Марат Истаевтың өз қаражатына салынып жатыр. Құрылысы аяқталуға жақын спорт нысаны алдағы айда Қала күніне орай іске қосылмақ. Спорт залдың бірінші қабатында жасанды жабынмен көмкерілген 800 шаршы метрлік футбол алаңы, екінші қабатында үстел теннисін ойнайтын зал бар. Мұнда бадминтон, волейбол ойнауға болады. Спортпен шұғылданамын деп келушілерге барлық қолайлы жағдай жасалған. Киім ауыстыратын және жуынып-шайынатын орындары жасақталған. Жертөле бөлігінде ұл-қыздарға арналған спорттық үйірмелер жұмыс істемек.

sport 2

Қаланың «Солтүстік-шығыс» шағын ауданында тағы бір жаңа спорт кешені жеке кәсіпкер Төлеген Досболатовтың жеке қаражатына салынуда. Оның жалпы аумағы 1000 шаршы метрге жетеді. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Бұл спорт кешені қыркүйекте, Қала күні мерекесінде ашылмақ. Ангарлық ғимарат ішінде 35х17 метр болатын баскетбол, волейбол, футбол алаңдары, күрес залы бар. Мұнда бір мезетте 100 спортқұмарлар мен спортшы жаттыға алады. Бүгінде залға жасанды көгал төселіп, жарқырап тұр. Киім ауыстыратын бөлме, душы да дайын. Келушілердің жеке заттары салынатын сөрелер жасалған. Кешеннің құрылысына отандық өнімдер пайдаланылған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Спорт кешенінің иесі Төлеген Досболатовтың мұндай игі іске жеке қаржысын салуының жөні бөлек. Өйткені оның өзі - грек-рим күресінің балуаны, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Мұрат Жұмашевтің шәкірті. Осы күрес түріне арналған зал ашуды көптен армандап келіпті. Сондықтан күрестің бұл түрімен айналысатындарға залда жаттығу тегін болмақ.

– Қаламызда Зашаған кентінде екі жазғы спорт алаңы салынуда. Сонымен қатар жүзу спортын, поло ойынын дамытуға әлі бассейн жетіспейді. Әдетте стандартты бассейн 50 метрлік болса, шаһардағы «Жайық самалы» бассейні 25 метрлік, Оқушылар сарайындағы 17 метрлік. Сондықтан бұқаралық спортты дамытуға үлес қосамын деген жергілікті инвесторларды жеке бассейн салуға шақырамыз, – деді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Артур Шерғалиев журналистерге берген сұқбатында.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале