14.07.2018, 14:31
Оқылды: 79

Оралда "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік көрме-байқауы өтті

FB_IMG_1531572864456Облыстағы ең үздік тоғыз кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына жолдама алды. Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына өңірдегі отыздан астам отандық тауар өндіруші қатысқан болатын.


Тамақ, киім, тұрмысқа қажетті заттар мен аутокөлікке, тағы да басқа салаларды қамтыған түрлі өнімдер көрмеге көрік берді. «Надежда» ЖШС тіккен мектеп формасының үлгілері көрсетілді.

Ең үздік кәсіпорындар үш негізгі «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлар» аталымдары бойынша анықталды.

Шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов кәсіпкерлердің табысты болуын тілеп, жеңімпаздарды марапаттады.

Арнайы комиссияның шешімі бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымымен «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС, «БатысМұнайЖабдықтары» ЖШС және «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» ЖШС марапатталды.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымына «Надежда» ЖШС, «Конденсат» ЖШС және «Мария ханым» сән үйі ие болды.

Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Балзия» ЖШС, «Каверина» ЖК және «Фирма «Родник» ЖШС үздік деп танылды.

IMG-20180714-WA0054ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Мадина Мұқатова мен БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Карин де тауар өндірушілерге лебіздерін білдіріп, байқауға қатысқан барлық кәсіпорын иелеріне алғыс хаттар табысталды.

Айта кету керек, республикалық байқауға 144 кәсіпорын қатысып, оның 27-сі ғана финалға шығатын болады. Солардың тек 9 ғана жеңімпаз атанбақ.

Сондай-ақ байқау соңында Батыс Қазақстан облысы бойынша кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жұлдыз Хуспанова бірнеше нәзік жанды кәсіпкерді марапаттады. Бұл өңірлік көрме-байқауды облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі ұйымдастырды.

Ясипа РАБАЕВА
zhaikpress.kz

FB_IMG_1531572934792

IMG-20180714-WA0041

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале