26.05.2018, 14:18
Оқылды: 30

Оралда «Kazpost-тан сыйлықтар жылы» акциясы өтуде

IMG-20180526-WA0011Бүгін Оралдағы «Қазпошта» АҚ-ның облыстық филиалы ғимаратында пошта қызметі арқылы зейнетақы мен жәрдемақы алушылар арасында сыйлықтар ұтысы өтті.

«Kazpost-тан сыйлықтар жылы» деп аталатын бұл акция еліміздегі пошта байланысының ұлттық операторы «Қазпошта» АҚ компаниясының 25 жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырылды.

«Қазпошта» АҚ-ның облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрғиса Қамашев компанияның мерейтойына орай бірқатар іс-шара жоспарланғанын, соның бірі – алғашқысы аталмыш акция екенін айтты.  

-«Қазпоштаның» клиенттері болып жүргендеріңізге, пошта қызметіне сенім білдіргендеріңізге ұжымның атынан алғыс айтамын. Компанияның қызметі төрт бағытта пошталық қызметтер жиынтығы, қаржылық, брокерлік және агенттік қызметтер бойынша  жүргізіледі. Жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетеміз. Бұл акция жыл бойы, яғни қазан айының 1-іне дейін жалғасады. Пошта қызметін пайдаланып зейнетақы алатын зейнеткерлерден коммуналдық төлемдерді қабылдау тегін және пошта бөлімшелерінде, «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның бөлімшелеріндегі банкоматтардан комиссиясыз  ақша алуға жеңілдік жасалған. Бүгіннен бастап поштадан зейнетақы және жәрдемақы бойынша есепшот ашқан клиенттерімізге арналған акция ойнатылады, - деді Нұрғиса Мәлікұлы.

Шарада облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов «Қазпошта» басшылығына мерейтойлық бірінші акцияны   зейнеткерлерге арнағаны үшін алғыс айтты. «Биыл Ұлы Жеңістің 73 жылдығына «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры соғысқа қатысқан ардагердің әрқайсысына 100 мың теңгеден қаржы бөлді. Соны пошта оларға жеткізіп берді. Сол үшін ризашылығымызды білдіреміз»,- деді ол.

Алдымен компанияның зейнетақы мен жәрдемақы алушысы болып табылатын Батыс Қазақстан облысының филиалының 39350 клиенті арасында жеті негізгі сертификат және залда қатысып отырған клиенттер үшін 50 000 теңге көлеміндегі қосымша сертификат ұтысқа салынды. Ұтыс ойыны «RANDOM.ORG» бағдарламасымен кез келген санды таңдау арқылы ойнатылды.

Алдымен «Сенім» қызметі бойынша зейнетақы және жәрдемақы алуға арналған ағымдағы немесе карточкалық шот ашқан клиенттері 50 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейінгі сомаға «ТехноДом» дүкендерінен тұрмыстық техниканы сатып алуға арналған сертификаттар ұтыс ойыны ойнатылды. Ақжайық ауданының тұрғыны Айша Түйешева 200 мың теңгенің және осы ауданнан зейнеткер Қарағойшы Құрманғалиев 100 мың теңгенің сертификаттарын иеленді. Тасқалалық Танзила Нарықова, Жәнібек ауданынан Гүлмира Закарина, Бөкей ордасы ауданынан Лаура Темірешева, оралдық Дариға Мұсағұловаларға 50 мың теңгенің сертификаты бұйырды. Залда отырғандар арасындағы қосымша ұтыс ойыны бойынша зейнеткер Ғибатолла Тілебалиев та 50 мың теңгенің сертификатын алды.

Мерекелік шараға  пошта филиалының серіктестері   «Банк Хоум Кредит» және «Альфа Банк» өкілдері қатысты. «Банк Хоум Кредит» те поштаның ұтыс ойынынан сырт қалмай, шараға қатысушылар арасында аталмыш банк қызметіне қатысты викторина өткізіп, сыйлықтар табыс етті.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале