15.02.2019, 16:45
Оқылды: 91

Оралда Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуына арналған мерекелік шаралар өтті

Бүгін Орал қаласындағы Жеңіс алаңында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 30 жыл толуына арналған мерекелік жиын өтті.

IMG_0639

Жиынға Ауған соғысының ардагерлері және олардың жақын туыстары, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.

- Ауған соғысына Батыс Қазақстан облысынан 1021 адам қатысып, оның 27-сі сол соғыста қаза тапса, 737-сі бүгін арамызда. Өткен тарихты білу – бүгінгі бейбіт өмірімізді қадірлеуге жетелейді. Өскелең ұрпақтың бейбіт елде өмір сүріп, білім алып, денсаулығын нығайтып, елдің өркендеуіне еңбек етуі – татулық пен ынтымақтың арқасы. Бүгінгі қоғам осындай құндылықтардың бағасын әрдайым білуі тиіс. Бүгінде сол сұрапыл соғыстан елге аман-есен жеткен азаматтарымыз еңбек етіп, мемлекетіміздің тұрақтылығы жолында үлкен істер тындыруда. Біз оларға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау білдіреміз. Атап айтқанда арнайы әлеуметтік жәрдемақылар қарастырылып, коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер жасалады. Соғыста қыршынынан қиылған боздақтардың есімін мәңгілеу бағытында көптеген шаралар атқарылады. Соғыста қаза тапқандардың ата-анасы мен туыстары енді ондай қасіретті көрмесін, ешқашан соғыс болмасын, еліміз дами берсін, бейбітшілік заманда өмір сүрейік! – деді шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

IMG_0660

Шарада Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Андрей Батманов, Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Аманжол Ғұсмановтың әкесі Қуанышқали Ғұсманов аталмыш соғыстың бейбіт тұрғындарға әкелген қайғы-қасіреті туралы әңгімеледі. Жиналғандар Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды, боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Атаулы датаға арналған салтанатты жиын Х. өкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасты.

IMG_0735

Салтанатты жиында Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтау сөз алып, аталмыш соғыс салған қасіретті, қаза болған жауынгерлерді жас ұрпақ еш уақытта ұмытпайтынын айтты. БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Амангелді Қаленов Ауған соғысының ардагерлеріне мерейтойлық медальдар табыс етті. ҰОС ардагері Хамза Сафин және «Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Беркінғали Ғабделов құттықтау сөз алып, өткен тарихқа және еске алу шараларының мән-маңызына тоқталды. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.

Нұртас Набиоллаұлы,

Суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

IMG_0761

IMG_0675

IMG_0666

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале