9.06.2017, 16:41
Оқылды: 32

Оралда көлік тонау жиіледі

«Жайық Пресс» медиахолдингінің тілшілері Орал қалалық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірігіп арнайы рейдке шықты. Полиция қызметкерлері көлік ұрлау және тонау қылмысының алдын алу мақсатында Д.Қонаев  шағын ауданындағы  көпқабатты үйлердің ауласындағы және автотұрақта тұрған көлік иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Соңғы бес айда 72 автокөлік тоналып, 31 автокөлікті айдап кеткен. Сондай-ақ 7 көлік ұрлау қылмысы тіркелген. Бұл қылмыстардың көбі Д.Қонаев шағын ауданында болған. Аталмыш қылмыстардың 75-80,5 пайызы ашылған.

- Көлік тонау оқиғасына қатысты деректердің ашылмай қалуының басты себептерінің бірі - құқық қорғау органдарына кеш хабарласу. Көлік тонау оқиғасы  жүргізушілердің аңғалдығынан да орын алып жатады. Қанша жерден қауіпсіздігі сақталғанмен, қымбат көліктерге де абай болған жөн. Өйткені жүргізушілер көліктің дабыл қондырғысы мен есік құлыптарына сеніп, ішіне қалта телефондарын, қол сөмкелерін тастап кете береді. Мұндай салғырт әрекеттердің арты көлік тонау оқиғасына әкеліп соқтырады,  - деді рейд барысында Орал қалалық ІІБ ЖПҚ-ның аға инспекторы Динара Абдулкаликова.

Рейд барысында осы шағын аудандағы № 3, 4, 5, 6 көп қабатты үйлердің тұрғындарымен кездестік. Олар аулада тұрған көліктердің тым көптігін  айтып шағымданды.

-№6-үйде тұрамын. Зейнеткермін. Үйдің алды толған машина. Кешқұрым жедел жәрдем көлігі кіретін жол таппай әуреге түседі. Күндіз ештеңе емес, бірақ түнде автотұраққа қою керек.  Қанша ескертсек те жүргізушілер құлақ аспайды. Қала берді есіктің алдына тақалғанша жылдамдығын азайтпайды. Жуырда аулада ойнап жүрген кішкентай қыз баланы басып кете жаздады,- дейді қала тұрғыны Амангелді Есмұқанов.

Ізінше  бұл  ауладан 100 метр жердегі автотұраққа  барып, күзетшісіне жолықтық. 70 шақты көлік сыятын автотұрақта 10 шақты көлік тұр. Есімін атағысы келмеген автотұрақ күзетшісі көлікті бір түнге қалдыру 200 теңге тұратынын және көлік иелерінің көбісі қауіпті болса да темір тұлпарларын өз аулаларына қоятынын  айтты.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале