2.05.2018, 15:56
Оқылды: 20

Оралда коллектордағы апатты жою жұмыстары жалғасуда

Оралда коллектордағы апатқа байланысты жөндеу жұмыстары жалғасуда.

«Батыс су арнасы» ЖШС директорының бірінші орынбасары Салауат Айбатовтың айтуынша, қазіргі кезде қаланың 4, 5, 6, 7, 9, «Құрылысшы», «Солтүстік-Шығыс» шағынаудандарында су жоқ. Сол аудандарда тұратын тұрғындарға күндізгі сағат 12.00-15.00 және 18.00-21.00 аралығында екі мезгіл су жеткізіліп берілуде.

«Коллектордағы апат көлемі өте аумақты болып шықты. Құбырды табу үшін 7,5 метр тереңдікке дейін қазуға тура келді, бұл үш қабатты үйдің биіктігімен тең. Бұдан он жыл бұрын әйнекпластиктен салынып, 2009 жылы қабылданған құбыр үгітіліп, шіріп кеткен. Соның зардабын біз тартудамыз. Бір құдықтан екіншісіне дейінгі 60 метрдей аралықты қазуға тура келеді. Оның үстіне кәріз суы қайта-қайта жиналуда. Бригадалар үзіліссіз жұмыс жасауда. Тек кеше түнде жаңбыр жауып кеткен соң, уақытша тоқтатылып, бүгін таңертең қайта кірісті. Бәрін қазып бітіргеннен кейін жаңадан құбыр саламыз. Қалпына келтіру жұмыстарының қашан бітетінін әзірге айта алмаймыз», - деді С.Айбатов.

Еске сала кетейік, 30 сәуір күні Оралда кәріз коллекторындағы апат салдарынан қаланың едәуір бөлігі сусыз қалғанын жазған болатынбыз.

inform.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале