9.05.2019, 16:41
Оқылды: 35

Оралда көп балалы аналарға пәтер кілті табысталды

Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Орал қаласындағы бір қатар көп балалы отбасыға пәтер кілті табысталды.

P90509-121632(1)

Ықсанов көшесі, 44Б мекенжайы бойынша орналасқан жаңа үйдің тұрғындары атанғандарға баспананың кілтін Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев арнайы табыстады. Баспаналы болған жандарды Қасиетті Рамазан айымен және Ұлы Жеңіс мерекесімен тұспа-тұс келген көптен күткен қуанышты сәттерімен құттықтап, ізгі лебізін білдірген Мұрат Рахметұлы бұл игілікті іс Елбасының «Нұрлы жер», «Бақытты болашақ» бағдарламаларын жүзеге асыру нәтижесі екендігін атап өтті.

P90509-121836

– Биылғы мамыр мерекелерінде 20 отбасыға пәтер кілті табысталды. Олардың басым көпшілігі – көп балалы аналар. Жуырда тағы 50 отбасы баспаналы болады. Жалпы, облысымызда екі мыңнан астам пәтердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, соның 1 мыңдайы кезектегі азаматтарға, атап айтқанда, көп балалы және жалғызбасты аналарға беріледі деп жоспарлануда, – деді М. Мұқаев.

P90509-123444

Баспана атты басты мәселесі шешіліп, қуанышқа бөленгендердің бірі – алты балалы ана Мәншүк Қапшығалиева пәтер кезегінде отыз жылдай тұрған екен. Ал Меңсұлу Нұркенова өз үйіне қол жеткізу үшін 32 жыл күтіпті.

«Осы кезге дейін тар жатақханада бала-шағаммен, көзі көрмеуіне байланысты мүмкіндігі шектеулі жандар санатына таңылған жұбайыммен бірге тұрып келдік. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай екі бөлмелі кең пәтерге қол жеткізіп, қуанышқа бөленіп жатқан жайымыз бар. Елбасының саясаты мен жергілікті билік өкілдерінің тынбай еңбектенуі арқасында біз секілді бақытты жандар қатары толыға берсін, алғысым шексіз», – дейді ол.

– Бұл қуанышты сәтті 15 жыл бойы күттім. Бес баламмен пәтерден-пәтерге көшіп жүретін күндердің артта қалғаны – елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен ел ағалары еңбегінің арқасы. Әр мейрам сайын баспана иеленіп, бақытқа бөленетін жандар қатары көбейе берсін, – деп тілегін білдірді тағы бір көп балалы ана Жаннат Габдуллина.

Аяужан Кереева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале