27.10.2017, 16:39
Оқылды: 60

Оралда коворкинг орталығы ашылды

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов «Бастау» коворкинг орталығының жұмысымен танысу үшін Оқушылар сарайына барды.

Аталмыш коворкинг орталығы – жастар өкілдері мен жастар ұйымдарының жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ұжымдық кеңсе қызметі. Әлеуметтік жоба аясында жастар үшін барлық жағдай жасалған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ашылған бұл орталық фриланс режимінде жастардың бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобаларын (қызығушылығы бойынша клубтар, көрмелер, үйірмелер, шеберлік сыныптар, тренингтер, English club т.б.) жарыққа шығарып, жүзеге асыруға  мүмкіндік бермек. Түсіндіре кетсек, фрилансер – дизайнерлердің, жеке кәсіпкерлердің, басқа да веб, IT қызметкерлерінің  топтық жұмыс істеуі үшін ыңғайластырылған жер.

Айта кетсек, облыста 14-29 жастағы тұрғындардың саны 145 879  адам болса, оның 70 983 - қалада, 74 896 ауыл-аймақта тұрады.  Облыс жастарына арналған бұл орталық төрт бағыт бойынша аймақтарға, яғни дәріс аймағы, жеке жұмыс алаңы, командалық жұмыс аймағы және еркін алаң болып бөлінген.  Коворкинг орталығына келген әрбір жас әкімшілікке тіркелген соң интернет желісін, материалдық техникалық базаны тегін пайдалана алады. Сондай-ақ мұнда  шеберлік сағатын, семинарлар, презентациялар, білім беру сабақтары өтпек.

-Ғаламторда,  әлеуметтік желілерде  біздің орталықтың арнайы сайты бар. Болған шараларды операторлар монтаж жасап, тілшілер  мәтін жазып, ғаламторға жүктейді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде  латын графикасы туралы роликтер дайындап, әлеуметтік мәселелер төңірегінде   бейнефильмдер жасадық.   IT саласында шетелде оқып жүрген  жастармен тәжірибе алмасып тұрамыз. Жуырда бағдарламалау  бағыты бойынша  шеберлік сағатын өткіздік. Оған  30-дан астам студент келіп қатысты.  Орталықта  материалдық-техникалық база  жеткілікті. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының  қолдауымен дрон құрылғысын сатып алдық. Болашақта жұмысымызды әлі жетілдіретін боламыз,- дейді орталықтың командалық жұмыс аймағымен таныстырған Асланбек Акшалов есімді азамат.

Аталмыш орталықтың жұмысымен танысқан  облыс әкімі Алтай Сейдірұлы жастардың белсенді жұмысына оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.                                                                                          

Гүлсезім БИЯШЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале