27.09.2018, 11:17
Оқылды: 23

Оралда құқық пен дін байланысына арналған халықаралық форум өтуде

din forum (1)Бүгін Оралда "Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы" тақырыбындағы халықаралық форум өз жұмысын бастады.


Форумды Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов ашып, баяндамасында: «Бүгінгі халықаралық форумның тақырыбы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау және пікір алмасудың шынайы қажеттілігінен туындап отыр. Біз қазіргі таңда мәдени, рухани ақпараттың және саяси-философиялық құндылықтардың белсенді өзгеріп жатқан кезеңінде өмір сүріп келеміз. Уақыттың талабына сай, біз де жас мемлекет ретінде сол өзгерістер мен үрдістерге уақытылы жауап қатып, мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігімізге кереғар дүниелерге дер кезінде зейін қоюымыз заңды. Ол үшін құқықтық талаптағы бағыт-бағдарымызды қайта қарауымыз да қажет болады. Сондықтан бүгінгі форум барысында зайырлы қоғам, ондағы дін мен құқықтың өзара байланысы, дін саласындағы заңнаманы жетілдіру тетіктерін жан-жақты талқыға салып, өзара пікір алмасатын боламыз», -деді.

din forumТүске дейін пленарлық, түстен кейін секциялық мәжілістермен жалғасатын форумға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының халықаралық қатынастар бөлімі басшысы Мухаммад-Акмалхан Шакиров, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Дінтану сараптамасы және діни білім беру ұйымдарымен байланыс басқармасының басшысы Мейрам Иманбаев, "Нұр-Мүбарак" Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, БҚО прокурорының міндетін атқарушы Жандос Өмірәлиев, Украина елінің Ұлттық педагогика университетінің доценті Денис Брилев, Башқұртстандағы Ресей ислам университетінің проректоры Мурсаль Ахметов, тарихшы және дінтанушы ғалымдар, теологтар, имамдар, медресе шәкірттері, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандары, аудан әкімдері мен ішкі саясат бөлімдері мамандары, БАҚ өкілдері қатысуда.

Нұрлыбек Рахманов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале