24.02.2018, 15:46
Оқылды: 101

Оралда құсбегілердің республикалық «Қансонар» турнирі өтті (ФОТО, ВИДЕО)

Орал қаласының ең биік нүктесі Желтауда, шаһардың тарихи бастауы – ортағасырлық Жайық қаласы орнында құсбегілер арасында «Қансонар» республикалық турнирі басталды.

 

- Ақ Жайық өңірінде құсбегілердің республикалық турнирі алғаш өтіп отыр. Осынау мереке құтты болсын! Жаһандану дәуірінде салт-дәстүрімізден ажырап қалмай, ұлттық кодымызды тірілтіп, ұлттық спортымызды жаңғырту – Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына айтылған басты бағыттың бірі. Сондықтан осы құсбегілік мектепті Жайық өңірінде қайта жаңғыртуға бел будық. Біздің мойнымыздағы міндет - бабалардан мирас боп келген құсбегілік өнерді – ұлттық спортты келесі ұрпаққа жалғастыру, ағайын! – деді турнирдің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

  - Бұл турнир осыдан бұрын Маңғыстау мен Атырау облысында өтсе, биыл облыс басшылығымен бірлесіп Батыс Қазақстан облысында өткізілуде. Мұны құсбегілік дәстүрдің еліміздің батыс өңірінде қайта жандануы деп білеміз. Он облыстан жиырма шақты бүркітші қатысуда. Ұлттық спорт мектебі жанынан құсбегілік бөлімі ашылады деп сенеміз. Осыншама жиналған жұртшылыққа, ұйымдастырушыларға, облыс басшылығына Қазақстанның Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы атынан алғыс білдіремін,-деді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының І вице-президенті Ерлен Оспанов.

- Ақпанның 15-сінен кейін аң аулауға тыйым салынады. Жануарлар бұл уақытта буаз болады. Сондықтан құсбегілер құсын қолға шақыру, ұшыру, шырға салудан сынға түседі. Бұл жолғы жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Төтеншеліктер, ішкі істер құрылымы, дәрігерлер сақадай сай, жылыту пункттері жұмыс жасап тұр,-дейді ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібаев.

Желтаудың басындағы «Орал» деген жазудың түбіне үш киіз үй тігілген. Біреуінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері қойылған. Музей экскурсоводы Мөлдір Төлегенованың айтуынша, бұл көрмеге музей қорындағы құсбегілікке, саятшылыққа қатысты 30 шақты жәдігер халық назарына шығарылды. Екінші киіз үйде қолөнер шеберлерінің бұйымдары сатылса, енді бірінде халыққа бауырсақ, көже тегін таратылды. Жарыс қонақтары мен туристер кеше домбыра шебері Едіге Нәбиевтің өнерін тамашаласа, бүгін шебер Ұлан Сайтмухаевтан қамшы өруден дәріс алды.

Жарысты тамашалаймыз деген қала тұрғындарын «Медколледж» аялдамасынан «Жайық қалашығына» дейін тегін тасымалдайтын автобустар шығарылды. Еліміздің өзге аймағынан келген қонақтар, Ресейден келген туристер «Еуразия» туристік базасына орналастырылған. Жарысты тамашалауға Ресейдің Тольятти, Самара, Ульяновск қалаларынан сұңқаршылар келген.

Турнирге Астана мен Алматы қаласының, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және БҚО-ның бүркітшілері қатысуда. Турнирге бүркіттен бөлек ителгі, қаршыға да қатысуда. Бірінші күні іріктеу кезеңі, ертеңіне ширек, жартылай және ақтық бәсеке - финал өтті.

Турнир қорытындысында ІІІ орын Көкшетаудан келген Бергенбай Тастамбек пен астаналық Серікбек Күнтуғанға бұйырса, ІІ орынды жамбылдық Бақдәулет Бабажан жеңіп алды. Ал «Нарын» атты қыранымен барлық бәсекеде өзге әріптестерінен басым түскен атыраулық Арман Қошқаровқа турнирдің бас жүлдесі бұйырды. Айта кетейік, «Қансонар» республикалық құсбегілер турнирінің бас жүлдесіне 200 мың теңге қаржыны оралдық кәсіпкер-меценат, «Саят» этно-туристік орталығының құрылтайшысы Мұрат Жәкібаев тікті.

Нұрлыбек РАХМАН,

Сурет пен бейнежазба – Темірболат Тоқмамбетов

© zhaikpress.kz

 

 

IMG_8920 IMG_8927 IMG_8946 IMG_8962 IMG_8973 IMG_9013 IMG_9020 IMG_9031 IMG_9044 IMG_9045 IMG_9046 IMG_9051 IMG_9058

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале