31.05.2018, 16:58
Оқылды: 28

Оралда сыбайлас жемқорлық мәселелеріне арналған конференция өтті

Облыстық сотта «Қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заманауи технологиялары, ресурстары мен механизмдері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Басқосуды ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов жүргізді. Конференцияға облыстық сот төрағасы Б.Әметов, сот, прокуратура және қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері, «Адам құқығы және заңдылықтың сақталуы бойынша бюросы» ҚБ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясының орындалуына сыртқы талдау жүргізу бойынша арнайы мониторингтік топ мүшелері, қоғам белсенділері қатысты.

Шараны ашқан Болат Әлмұқанұлы: «Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы әлемдік стандарттарға сәйкес келетін тиімді механизмдерді қалыптастыру бағытындағы басымдықтарды ұстанды. Елбасының бес институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» ұлт жоспары  бойынша сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа басымдықтары белгіленді», -деп атап өтіп, облыстағы қылмыстық атқару жүйесінде жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, облыс аумағында орналасқан үш түзету  мекемесінде 843 сотталушы жазасын өтеуде. Оларды қадағалау 343 қылмыстық атқару жүйесі қызметкеріне жүктелген. 2015 жылдан бастап аталған сала бойынша бес сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, үш тұлға жауапкершілікке тартылған. Аталған қылмыстардың негізгі бөлігі сотталған тұлғаларды заңсыз шартты мерзімінен бұрын босату үшін пара алу түрінде жасалған. «Бұл көрсеткіш осы салада жүргізіліп жатқан жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шаралардың  жеткіліксіз екенін, аталған заң бұзушылықтардың алдын алу жаңа көзқарас пен жаңа әдіс-тәсілдерді қажет ететіндігін көрсетіп отыр», - деп сөзін нақтылады Болат Әлмұқанұлы.

Ал облыстық сот төрағасы Бек Әметов сыбайлас жемқорлық мәселесі қай салада болмасын өзекті және күнделікті талқылануға жататын мәселелердің бірі деп атап өтті. Шара барысында сондай-ақ   Орал қалалық сотының судьясы Руслан Жұмағұлов қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің материалдарын сотта қарау барысында қолданылатын заманауи технологиялар жөнінде баяндаса, бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандардың заңды құқықтарын сақтау туралы  «Адам құқығы және заңдылықтың сақталуы бойынша бюросы» ҚБ облыстық филиалының директоры Павел Кочетков, облыстағы ҚАЖ-дегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар жөнінде облыстың ҚАЖ Департаментінің басшысы Дмитрий Кобцев айтты.

Шара соңында мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексі мен «Мемлекеттік қызмет туралы»  заңын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу мақсатында Батыс Қазақстан облыстық сот төрағасы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы  ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале