24.11.2017, 19:14
Оқылды: 77

Оралда латын қарпіне көшірудегі өзекті мәселелер талқыланды

 

 Бүгін Оралда «Қазақ жазуын латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

       Оған Астана мен Алматы қалаларынан қазақ жазуын латын графикасына көшіру жұмыстарының басында жүрген белді ғалымдар, мемлекеттік құрылым, қоғамдық ұйым және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешовтың айтуынша, конференцияның мақсаты - Мемлекет басшысының «Қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіру туралы» Жарлығын қолдау, латын әліпбиіне көшуде алда тұрған міндеттерді, қазақ әлімбиінің тарихы және жаңа әліпбиді меңгерту мәселелерін, тілдік ұстаным мен латын қарпі негізіндегі қазақ әлібиіне сәйкес емле ережелер жасақтаудың ерекшеліктерін, ұлттық дыбыстарды таңбалауда ескерілетін мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылау.

-Еңселі ел болу – әрбір халықтың мақсаты. Қазіргі уақытта Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында республикамызда көптеген іргелі істер атқарылуда. Солардың арасында латын әліпбиіне көшу шараларының мән-маңызы зор. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қазақ тілін жаңғыртуға бағытталған үлкен іс. Қытай ғұламасы Конфуцийдің «Егерде маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім» деген сөзі бар. Жалпы тіл мәселесі мемлекеттің болашағымен тығыз байланысты,-деді конференцияда облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Жиында ғалымдар бұл бағытта өз баяндамаларын жасады. Олардың ішінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, ф.ғ.д. Әлімхан Жүнісбектің «Кірме таңбалар мен латын әліпбиі», «Еуразия» ұлттық университетінің доценті, ф.ғ.д. Омар Темірбековтің «Латын әліпбиі және тәуелсіздік», жергілікті тілші ғалым Болат Жексенғалиевтің «Асыл тілге түзу емле қажет», облыстық білім инновациялық лицейінің оқытушысы Шахин Биленнің «Латын графикасын түзудегі қазақ және түрік әлібилерінің өзіндік ерекшеліктері» тақырыбындағы баяндамалар бар. Конференция секциялық мәжілістерге ұласты.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале