14.05.2019, 20:45
Оқылды: 32

«Жыл директоры – 2019» облыстық байқауы өтті

Мамыр айында атап өтілетін ҚР мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай аудандық мәдениет үйлері басшыларының арасында «Жыл директоры – 2019» облыстық байқауы өтті.

014

Жаңақала, Жәнібек, Сырым мен Теректі, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандық мәдениет үйлерінің басшылары бақ сынасқан сайыс тартысты өтті. Байқаудың алғашқы кезеңінде әр қатысушы өз ауданының мәдени тыныс-тіршілігі туралы бейнероликті ұсынып, өздерін таныстырды. Kahoot бағдарламасының көмегімен өткізілген екінші кезеңде қатысушылар сан алуан сауалға жауап беріп, білім деңгейлерімен қатар ептіліктері мен жылдамдықтарын да танытты. «Қолтаңба» атты кезеңде әр аудандық мәдени ошақтың басшысы өздерінің бастама болуларымен іске асырылып, халық тарапынан қолдауға ие болған жобаларын таныстырды. Төртінші кезеңде залдағы жұртшылық арасында қызықты ойындар, сайыстар өткізіліп, бұл ретте байқау қатысушыларының көрермен көңілін таба білу қабілеттері сыналды. Төрт кезең қорытындысы бойынша Сырым аудандық мәдениет үйінің директоры Серік Тоқмамбетов басқалардан басым түсіп, бас жүлдені иеленді.

Байқау жеңімпазына «Жыл директоры – 2019» кубогі мен 150 мың ақшалай сыйлық, Жаңақала аудандық мәдениет үйінің директоры Мұхит Сисеновке, Жәнібек ауданынан келген Алтай Бақтығалиевқа, теректілік Арман Сағидоллинге, Қаратөбе ауданының намысын қорғаған Альфия Исламова мен шыңғырлаулық мәдени ошақ басшысы Саин Әжғалиевке алғысхат және 50 мың теңгелік сертификат табысталды. Сонымен қатар осы кеште «Мәдени ландшафт – 2019» салтанатты марапаттау шарасы болды. Өңіріміздің мәдениеті саласында аянбай еңбек етіп, саланың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген үздіктерге арнайы кубок және Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауға жолдаманы облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов табыстады.

– Бір жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында оңтайлы идея туындап, «Рухани қазына» жобасын қолға алған едік. Бұл жоба мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін ұлықтауды мақсат етеді. Осы жоба аясында «Жыл директоры» байқауы ұйымдастырылып отыр. Басшылық деңгейдегі менеджерлеріміздің заман талабына сақадай сай болуы, ұжымын ұйымдастыра білуі мен өз саласын өркендетуге қосар үлесін салмақтайтын байқаудың бәсі жоғары. Алдағы уақытта да еліміздің басты саласы саналатын мәдени салаға қолдау жалғасады, – деді құттықтау сөзінде Ғабидолла Абдоллаұлы.

Аяужан Кереева,

zhaikpress.kz

011 013 016 017 018 DSC_0196 DSC_0453 DSC_0467 DSC_0472 DSC_0475 IMG_1909

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале