30.03.2019, 8:14
Оқылды: 40

Оралда мал шаруашылығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті

Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Мал шаруашылығы саласындағы заманауи ғылыми-практикалық шешімдер» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Исқалиев қатысты.

АҚШ, Канада, Чехия, Ресей, Қытай мемлекеттерінің және өз еліміздің ғалымдары мен сарапшылары ат арытып келген алқалы жиынды басқарма төрағасы - университет ректоры Асқар Нәметов ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Ресейдегі агротехнологиялар институтының ғылыми жетекшісі Фоат Каюмовтың айтуынша, кеңестер одағы кезінде Қазақстан ғалымдарымен бірлесіп етті мал тұқымдарын одан әрі жетілдіру және жаңа тұқымдар шығару бағытында эксперименттік жұмыстар көп жүргізілген.

– Бізде етті мал институтын Ғылым академиясының ауыл шаруашылығы институтымен біріктіріліп, агротехнологиялар институты болып құрылды. Етті мал тұқымдарын шығару бөлімі сақталып қалды. Сондықтан қазақстандық әріптестерімізбен өзара байланысымызды жалғастырудамыз. Соңғы жылдары табиғи климаттық жағдай аса қолайлы болмай тұр. Соған қарамастан етті мал өсіруге барынша көңіл бөлінуде. Ең жақсы ет үлкеннің де, кішінің де денсаулығы үшін пайдалы ірі қараның еті екені белгілі. Қазақтың ақбас және қалмақ тұқымды ірі қарасының жаңа түрлерін шығарудамыз. Осы бағыттағы ғылыми жұмыстарға қазақстандық әріптестерімізді де тартамыз. Етті бағыттағы симментал тұқымының тағы бір түрін шығарып, бекітуге ұсындық. Жылдам қоң жинайтын бұл жаңа түрді мал азығы өндірісі бар жерлерде өсіру көзделеді. Ақ Жайық өңіріндегі асыл тұқымды шаруашылықтармен асыл тұқымды өндіруші бұқалармен алмастық, - деді Ф.Каюмов. Оның айтуынша, Ресейде мал шаруашылығы даму үстінде, ресейліктер Қазақстанға, соның ішінде жартылай шөлейт аймақтарға 10 мың қалмақ тұқымды мал беруге келісім жасаған.

Сонымен қатар ресейліктер АҚШ-қа герефорд тұқымды ірі қара малды өткізгенмен, ондай мал америкалықтардың талабынан шықпаған. Сол себептен отандық тұқымдардан өнімділігі әлдеқайда жоғары жаңа түрлерін шығаруға жұмыстануда.

Конференцияда АҚШ-тан келген сарапшы Джон Джена АҚШ-тағы ірі қара малын индекстік бағалау жөнінде баяндады. Қазақстанның малға қорек болатын сан түрлі табиғи шөп өсетін ұланғайыр жері таңданысын тудырған. Біздің елде мал шаруашылығын дамытуға қомақты инвестиция салынатыны көңілге қонымды. «Бес құрлықта өзінің офис-кеңсесі бар мал шаруашылығы саласын зерттеумен айналысатын корпорацияның өкілі ретінде конференция жұмысына қатысудамын. Қазақстандық мал өсірушілермен, ғалымдармен, сала мамандарымен генетикалық зерттеу жұмыстары бойынша әріптестік байланыстамыз. Бұдан былайғы уақытта бірге жұмыстанатынымызға сенімдімін», - деді Джон Джена.

Жиында қазақ ақбас тұқымының селекциясында герефорд тұқымының өндіргіш бұқаларын жүйелі пайдалану жөнінде қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының директоры Қабыл Исабеков баяндады.

– Қазіргі негізгі мақсат – қазақтың ақбас тұқымының сапалық деңгейін көтеру, санын көбейту. Бұл үшін селекциялық жұмыстарды әрі қарай дамытып, ғылыми жетістіктерді, жаңа технологияларды, соның ішінде IT, молекулярлық генетиканың жетістіктерін өндіріске енгізуіміз керек. Қазақтың ақбас тұқымының селекциясын бастап шығарған жер осы – Батыс Қазақстан облысы. Өткен ғасырдың 80-жылдары ақбас тұқымды малы жоғары жетістіктерге жетті. Енді сол деңгейге жетуге күш салуымыз керек, - деді Қ. Исабеков.

Жалпы ғылыми-практикалық конференцияда зоотехния дегеннің Қазақстанның, яки Ресейдің меншігіндегі шаруасы еместігі, оның – халықаралық, мал өсіру жұмысындағы ортақ іс екендігі жайында тоқтам жасалды. Қазіргі жаһандану дәуірінде еш мемлекет мал шаруашылғын дамытуда жеке дара емес, өзара тығыз қарым-қатынас арқылы жетістіктерге жетпек.

IMG_2421

Бұдан кейін ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысында түлектер қауымдастығының қатысуымен мерейтой иесі, ұзақ жылдар бойы осы университетке басшылық жасаған, қазақтың ұлттық брендіне айналған қазақтың ақбас тұқымы селекциясына көп үлес қосқан ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымовқа құрмет көрсетілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Исқалиев мерейтой иесін облыс әкімі А.Көлгіновтің және өз атынан құттықтады. Сонымен қатар оның ғалым ретіндегі отандық ғылымға қосқан үлесін, университет басшысы болған кезінде ЖОО-ны жоғары деңгейдегі оқу орындарының қатарына қосылуына сіңірген еңбектерін атап көрсетіп, игі тілектерін білдірді. БҚАТУ-дың ректоры А. Нәметов және еліміздің өзге де ЖОО-ларының басшы-әріптестері Қ. Бозымовқа өздерінің ақжарма айтып, сый-құрмет көрсетті.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале