13.06.2018, 10:06
Оқылды: 32

Оралда «Мен қазақпын» жобасының облыстық кезеңі басталды

«Мен қазақпын» халықаралық мега жобасының екінші маусымы басталып, алғашқы іріктеу кезеңі қорытындыланды. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚОФ-ның бас редакторы Гүлмира Тілеубаева және облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

 Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен облыстық әкімшіліктердің қолдауымен «Қазақстан» Ұлттық арнасы «Мен қазақпын» халықаралық мега жобасының екінші маусымын өткізуде. Жобаның мақсаты - ән, терме, күй өнерін насихаттау. Байқауға 18-40 жас аралығындағы үміткерлер қатысуда.

– 26 мамыр мен 2 маусым аралығында облысымыздың барлық ауданында іріктеу кезеңі өтті. Барлығы 125 үміткер өнер көрсетіп, оның 43-і облыстық кезеңге жолдама алды. Сайыскерлер 14 маусымда Орал қаласындағы жастар мәдениет үйінде республикалық кезеңге өту үшін бақтарын сынайды. Үш аталым бойынша ең үздік өнерпаздар анықталмақ. Өнер бәйгесінде оза шапқан дарабоздар республикалық байқауға жолдама алып, облысымыздың намысын қорғайтын болады, – деді Гүлмира Жұмабайқызы.

Ағымдағы жылдың тамыз және қазан айларында финалдық жарыс өтеді. Ал қараша айында жартылай финал болады. Жетінші желтоқсанда байқау финалистері мен елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен гала концерт өтеді. Асқан шеберлік танытқан үздік орындаушыларға «Жылдың үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың үздік термешісі», «Жылдың үздік күйшісі» аталымдары беріледі. Сонымен қатар көрермендірдің көп дауысына ие болған қатысушы «Көрермен көзайымы 2018» атағына ие болып, бағалы сыйлықпен марапатталмақ.

– Облыстық іріктеу кезеңінде ерекше дайындығымен көңілден шыққан аудандар болды. Мысалы көпұлтты Зеленов, Теректі аудандары үміткерлерінің дәстүрлі өнер көрсетудегі кәсіби шеберлігі тәнті етті, – деді Мәулет Өтемісұлы.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале