20.06.2017, 11:44
Оқылды: 61

Оралда мотоцикл жүргізушілері арасында тәртіп бұзу жиілеп отыр

motocikl jyrgizu     Орал қаласында мотоцикл жүргізушілер арасында тәртіп бұзу жиілеп отыр.

    БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, биылғы бес айда облыс аумағында мотоцикл жүргізушілерінің қатысуымен 10 жол-көлік оқиғасы болды. Соның салдарынан бір адам қаза тауып, төртеуі түрлі жарақат алды.


    Жаз шығысымен қала көшелерінде мотоциклдер де көбейеді. Тиісті құжатсыз және қауіпсіздік құралдарынсыз жүрген мотоцикл жүргізушілеріне азаматтардан шағым түсіп жатады. Осындай құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 17 маусым күні жергілікті полиция қызметкерлері арнайы рейд өткізді. Шара кезінде мотоцикл мен скутердің 20 жүргізушісі тексеріліп, барлығы 7 әкімшілік хаттама толтырылды. Соның ішінде үшеуі тиісті құжатыз жүргені, біреуі міндетті сақтандыру келісімшартын жасаудан жалтарғаны, екеуі мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік құралын басқарғаны, тағы біреуі мотодулыға кимегені үшін жауапқа тартылды. Арнайы тұраққа 3 мотокөлік қойылды.

   «Жеңіл автокөлік жүргізушілеріне қарағанда, жол-көлік оқиғасы кезінде мотоциклшілерге көбірек қауіп төнеді. Сондықтан олар дулығасын киіп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы тиіс», деді М.Ғабдуллин.

 Елжан Ералы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале