20.01.2020, 10:11
Оқылды: 280

Оралда Мұнайдар Балмолданың «Абадан» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті

Оралдағы Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада танымал тележурналист, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұнайдар Балмолданың «Абадан» атты кітабының тұсаукесері өтті.

image-17-01-20-07-22-4

Бұған дейін жазушының «Көкбөрі», «Ақ тұлпар», «Қыран қанатындағы күй» атты кітаптары мен «Он төрт» атты тарихи романы жарық көрген болатын.

Автор кітапта қазақ халқы киелі санаған түз тағылары – бөрілердің тіршілігінен қызықты мәліметтер келтірген. Аңшылар мен малшылардан, жылқышылардан естіген әңгімелерден мазмұны терең, мәні зор көркем туынды жазған. Яғни «Абаданда» өмірдегі шынайы оқиғалар арқау болған.

- Абадан деп бөрібасы, үйірбасы, қасқырдың нағыз атасын айтады. Кейде ер азаматтың мықтысын да «абаданға» теңестіріп жатады. Қасқыр жайлы көп әңгіме, аңыздар естідім, шетелдік ғалымдарды оқып, түрлі деректі және көркем фильмдерді көріп, зерттедім. Ш.Айтматорвтың «Боранды бекетін», М.Әуезотың «Көксерегін», Қасым Таукеновтың «Аман бол, арланын» оқыдым. Бірақ оларда қасқырды жауыз етіп көрсетеді. Ал менің танымымда қасқыр ондай емес. Ол – текті де киелі. Қазақ «Қасқырдың терісін сыпырсаң да, тектілігін сыпыра алмайсың» дейді. Қасқырдың ынтымағы мықты. Біздің бабаларымызда да осы қайсарлық бар. Өмірде болған оқиғаларды аңыздар сүрлеуімен, өзімнің танымыммен көркем шығарма ретінде түсірдім. Мұндағы кейіпкерлердің есімдері өзгертілді, - дейді кітап авторы.

20200118_115941-800x577

Жазушы бұл шығармасына жиырма бес жылдай жинаған азығын, мәліметтерді пайдаланған.

Руханияттың ордасында өткен шарада ақын, ұстаз, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Қуаныш, «Aqjaiyq» телеарнасының директоры Асланбек Ғұбашев, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов, кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағыновалар сөз алып, жазушы шығармаларын оқырманға ой салатын құнды дүние деп атап өтті. Ал «Өрлеу» БҚО бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары Елдос Сафуллин романның әр бөліміне талдау жасап, өз ойымен бөлісті.

Кітапта «Абадан» романымен қатар, төрт хикаят, екі танымдық мақала мен әңгімелер бар.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале