13.12.2016, 13:11
Оқылды: 268

Оралда Оқушылар және жастар сарайы ашылды

okuwilar-sarayi-2Бүгін қаламыздағы 7-ші шағын ауданда Оқушылар және жастар сарайының ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Рио олимпиадасының жеңімпазы Данияр Елеусінов пен оның әкесі әрі бапкері Марат Елеусінов, ҚПО б.в. компаниясының бас директоры Ренато Мароли, білім саласының қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.


 -Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында тағы бір зәулім ғимаратты іске қосқалы тұрмыз. Әлеуметтік-спорттық бағыттағы бұл нысан жастарымыздың интелектуалдық және жан-жақты дамуына мүмкіндік жасауы үшін Елбасымыздың тікелей тапсырмасы бойынша салынған болатын. Мұнда шығармашылықпен, спортпен айналысуға, түрлі үйірмелерге қатынасуға толық мүмкіндік бар.

temirbolat-tokmambetov09Бұл ғимаратта екі үлкен зал бар. Ойластыра келе, сол залдың бірінде біздің даңқты жерлесіміз, ХХХІ жазғы олимпиада чемпионы, бокстан ұлттық құрамамыздың капитаны Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығын ашуды жөн деп шештік. Соған орай Данияр және оның әкесі әрі бапкері Марат Елеусіновтер арнайы келді. Ал екіншісі жеңіл атлетика залы болады. Осы ғимарат «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына салынды. Сол үшін компания басшылығына өз ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ нысанды талапқа сай етіп салғаны үшін «Альтаир» ЖШС-ның ұжымына да алғысымды айтамын,-деді құттықтау сөзінде өңір басшысы.

Өз кезегінде сөз алған ҚПО б.в. компаниясының бас директоры Ренато Мароли сәтті жүзеге асқан бұл жоба компания мен облыс әкімдігінің арасындағы берік байланыстың бір көрінісі екенін атап өтіп, ғимараттың символдық кілтін «Жас ұлан» ұйымының мүшелеріне табыстады.

okuwilar-sarayi-1Ардагер ұстаз Борис Чебаков пен Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов салтанатты лента қию рәсімін орындаған соң, жиналғандар Оқушылар және жастар сарайының ішін аралап көрді.

Айта кетейік, 16,2 мың шаршы метрді алып жатқан ғимаратта шығармашылық, дизайн, сәулет, йога, аэробика, кеме мен әуе құрылғыларын жасау, фотостудия өнерлеріне арналған бөлмелер бар. Әдебиет, химия, физика, математика, тіл сыныптары, әскери-патриоттық клуб, экология, өлкетану үйірмелері де болады. Сондай-ақ мұнда жүзу бассейні, мұз айдыны да орналасқан.

okuwilar-sarayi-4Бокс орталығының ашылу салтанатында сөз алған Данияр Елеусінов өзінің атын иеленген орталықтың ашылғанына қуанышты екенін жеткізді. Бұл батысқазақстандық өрендердің боксқа тартылуына, шеберліктерін шыңдауға және Орал өңірінің имиджінің артуына өз септігін тигізетіні сөзсіз.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

www.zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале